Сыйлық

Бүгінгі күннің бонустары

«Ойна,болжа, қатыс! Өту
Olimpbet Видеореп

28.12.2025

92 жастағы апа Астанадағы жаңа жылдық жүгіріске қатысты

92 жастағы апа Астанадағы жаңа жылдық жүгіріске қатысты

Жексенбінің таңында қала тұрғындары Триатлон саябағында 5 шақырым қашықтықты бағындырды, деп хабарлады Sport12.kz.

Бұқаралық спорттың арасында танымалдылыққа ие жүгіруден 2025 жылдың қорытынды жүгірісі ұйымдастырылды. Сынап бағанасы -20 градусты көрсетсе де 700-ден астам қатысушы қатысуға ниет білдірді.

«Астанадағы спорт - жетістіктер мен медальдар ғана емес, сонымен бірге тұрғындардың денсаулығы, өмір сапасы және елдің абыройы. Соның ішінде жүгіру - қолжетімді әрі мезгіл таңдамайтын спорт. Оның дәлелі, бүгінгі жаңа жылдық спорттық шарамызға келген азаматтарымыз дәлел. Салауатты өмір салтын ұстанатын жандарға алғысымызды айтамыз», - деді Астана қаласы әкімдігінің Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Усербай.

2025 жылдың көрсеткіші бойынша елордада тұрақты түрде спортпен айналысатын халықтың саны 42%-ды құрайды (670 мыңнан астам адам). Биыл 877 бұқаралық-спорттық іс-шаралар өткізіліп, 1 миллионға жуық тұрғын қамтылған.

Жүгіріске жиналған қатысушылардың ең жасы 8-де және ең егдесі 92 жаста болды.

«Бүгін менің туған күнім. 92 жасқа толып жатырмын. Осындай айтулы сәтте Астана қаласының жаңа жылдық жүгірісіне қатысуға бел байладым. 5 шақырымды 45 минутта жүгірдім. Бұған дейін Almaty және Turkistan marathon-ында 10 шақырым қашықтықты 1 сағат 40 минутта бағындырған едім. Кейінгі жылдары басым солқылдап ауыратындықтан, 88 жасымда скандинавиялық жүріске бет бұрдым. Барлық жастарға көлікпен жүруді азайтып, күнделікті кемінде 5 шақырым жүруге кеңес беремін. Әйтпесе отыра беріп, денсеулықтарыңызды құртасыздар. Спортты көріп қана қоймай, өз іс-әрекеттеріңізбен айналаңызды өзгертуге тырысыңыздар. Барлықтарыңызды келе жатқан жаңа жылдарыңызбен құттықтаймын!», - деді 92 жастағы Салиха Зигангерова.

Шара соңында қатысушыларға ыстық шай мен арнайы жаңа жылдық сыйлық беріліп, лотерея арқылы теледидар, тоңазытқыш секілді тұрмыстық техникаларға ие болды.


Біздің серіктес: «Ойна, болжа, қатыс!»