5 сағат бұрын
Бокстан Астанадағы Әлем кубогында 8 ел дебют жасайды

Бокстан 30 маусым - 6 шілде аралығында елордада алғаш рет Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында Әлем кубогының үшінші кезеңі өтеді, деп хабарлайды Sport12.kz
Бұл жарыстың басты ерекшелігі - көпшілік спортшылар үшін Әлем чемпионаты алдындағы соңғы сынақ болмақ. Сондықтан рекордтық 31 мемлекет қатысуға шешім қабылдады. Бұған дейін Бразилиядағы бәсекеге (30 наурыз - 5 сәуір) 19 ел қатысса, Польшада (12-16 мамыр) 24 ел бас қосты. Сондай-ақ, Астанадағы ірі турнирде бірінші рет Әзірбайжан, Канада, Иран, Қырғызстан, Жапония, Оңтүстік Корея, Филиппин, Доминикан Республикасының өкілдері жүлдеге таласады.
Жарыстың басталуына 1 аптадай уақыт болса да, командалар Астанаға келіп, біріккен оқу-жаттығу жинынын өткізіп жатыр. Олардың қатарында АҚШ, Канада, Франция, Сербия, Финляндия, Швеция, Әзербайжан, Германия мемлекеттері бар. Алдағы уақытта бұл тізімнің қатары ұлғая бермек. Қазақстан дәл осындай деңгейдегі ірі жарысты сонау 2013 жылы Алматыда қабылдаған (Әлем чемпионаты) еді. Сондықтан біршама елдер ұзақ үзілістен кейін Қазақстанға қайта ат басын тіремек.
Қазақстан құрамасы барлық 20 салмақта (ер және әйел) ең үздік боксшыларын қатыстырады. Олардың арасында Олимпиада жүлдегерлері мен Әлем чемпиондары да бар.
Естеріңізге сала кетейік, Фос-ду-Игуасу (Бразилия) қаласындағы алғашқы кезеңде жерлестеріміз 3 алтын, 3 қола жүлде жеңіп алған болатын. Ал Польшадағы Феликс Штамм халықаралық турниріне санаулы күн қалғанда ғана «Әлем кубогы» мәртебесі берілгендіктен, Қазақстан құрамасы қатыспады.
