1 күн бұрын

Қайрат Сәтжанов әлем чемпионатында жеңісі «ұрланған» шәкірттері жөнінде айтты 

Қайрат Сәтжанов әлем чемпионатында жеңісі «ұрланған» шәкірттері жөнінде айтты 

instagram.com/boxingkazakhstan

Қазақстан бокс федерациясының бас бапкері Қайрат Сәтжанов Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласында мәресіне жеткен әлем чемпионатын қорытындылады, деп хабарлайды Sport12.kz.

Дүниежүзілік додада қазақстандық боксшылар 3 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль алды. 

Ел құрамасынан Сәкен Бибосынов (54 келі), Оразбек Асылқұлов (57 келі), Абылайхан Жүсіпов (71 келі) әлем чемпионы атанса, Сабыржан Аққалықов (75 келі) күміс, Теміртас Жүсіпов (48 келі), Ертуған Зейнуллинов (63,5 келі) қола жүлдені қанағат тұтты. 

- Бүгін мәресіне жеткен әлем чемпионатында қазақстандық боксшылар алты медаль алды. Олардың барлығына ризамын. Шәкірттерім барлық күш-жігерін салды. Намысты қолдан берген жоқ. Бір-екі жекпе-жекте жеңістің басқа елдің боксшыларына бұйырғаны түсінбестік туғызды. Өз ойым бойынша финалда Сабыржан Аққалықов та жеңіске жеткен еді. Енді алдағы жекпе-жектерге дайындаламыз. Қателіктермен жұмыс жасаймыз. Шәкірттерім тәжірибе жинақтайды. Алда Азия ойындары жақындап келеді. Сондықтан әлем чемпионатын оған дайындық ретінде бағалауға болады. Одан кейін әлем кубогы болады, - деді Қайрат Сәтжанов. 

Айта кетсек, әлемдік додада Ресей құрамасынан 12 боксшы алтынға таласуға мүмкіндік алған еді. Ал Өзбекстан сапынан 6 боксшы финалға шықса, Қазақстаннан - 4, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан және Тәжікстаннан 1 боксшы финалға шықты. 

IBA турнирі 3-13 желтоқсан аралығында Дубайда ұйымдастырылды. Бұл бәсекеде 13 салмақ дәрежесі белгіленген, ал жүлде қоры өте жоғары: чемпиондар — 300 мың доллар, күміс жүлдегерлер — 150 мың доллар, қола жүлдегерлер — 75 мың доллар, ал ширек финалистер 10 мың доллар алады.

 




Біздің серіктес: 200 000 фрибетті ұтысқа саламыз – арнаға жазыл және батырманы бас