1 күн бұрын

Жылдың үздік спорт федерациясы анықталды

Жылдың үздік спорт федерациясы анықталды

Бүгін, 25 желтоқсан күні Астана қаласында ҚР Туризм және спорт министрлігінің жыл сайынғы дәстүрге айналған «Үздік-2025» атты спорт саласының үздіктерін анықтайтын марапаттау рәсімі өтіп жатыр, деп хабарлайды Sport12.kz

Марапаттау барысында жылдың үздік спорт федерациясы ретінде Қазақстан бокс федерациясы танылды.

Бокс әлеміндегі үлкен өзгерістің әсерінен Қазақстанның ерлер мен әйелдер құрамасы бір жылдың ішінде алғаш рет 2 бірдей әлем чемпионатына қатысты. Нәтижесінде жерлестеріміз 13 алтын, 4 күміс, 5 қола медаль жеңіп алды. Сондай-ақ бокс үшін тағы бір жағымды жаңалық: ұлттық құраманың 34 спортшысы жаһандық додада жұдырықтасуға мүмкіндік алды.

Әсіресе қыркүйек айында World Boxing ұйымының Ливерпульдегі әлемдік аламанында Қазақстан құрамасының 68 мемлекеттің арасында жалпы есепте топ жаруы үлкен қуаныш сыйлады.

Спортшылардың көрсеткіші:

32 жастағы Назым Қызайбай ел тарихында 3 дүркін әлем чемпионы атанған бірінші отандасымыз ретінде тіркелді.

Алуа Балқыбекова мен Аида Әбікеева бір жылда 2 мәрте әлем чемпонатында топ жарды.

Ливерпуль төрінде ағайынды Махмуд пен Төрехан Сабырхан жарқын бокс үлгісін көрсетіп, бір шаңырақтан бір мезетте тарихымызда алғаш рет әлем чемпионы атанды. Бұл адамзат тарихында өте сирек кездесетін жағдай. Оның үстіне Төрехан Сабырхан Қазақстан тарихында ең жас әлем чемпионы (19 жас, 7 ай, 1 күн) болды.

Араға 18 жыл салып, ерлер арасында 2 дүркін әлем чемпионы деген атаққа Санжар Тәшкенбай, Махмуд Сабырхан, Сәкен Бибосынов қол жеткізді. Бұған дейін 2 дүркін әлем чемпионы деген атақ тек Серік Сәпиевке ғана тиесілі еді.

Айта кетейік, салтанатты іс-шараға спорт саласының ардагерлері, Олимпиада жүлдегерлері, белгілі спорт қайраткерлері мен спорт журналистері қатысты.


Біздің серіктес: 200 000 фрибетті ұтысқа саламыз – арнаға жазыл және батырманы бас