22 сағат бұрын
Сәкен Бибосынов: Семейде сынықшы іздеп кеттік
Бокстан Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, 2 дүркін әлем чемпионы Сәкен Бибосынов Қазақстан чемпионатындағы ерекше жайт туралы айтты, деп хабарлайды Sport12.kz сайты Бірінші Бол YouTube арнасына сілтеме жасап.
- «Жеке бапкерім Қазақстан чемпионатында топ жарып шығасың деген соң, көп ойлана келе қатысуға шешім қабылдадым. Бірінші жекпе-жекте жарыс қожайынымен өткен айқаста саусағымды сындырып алдым. Салдарынан түні бойы Семейде сынықшы іздеп кеттік. Сынықшы менің саусағымның сынғанын айтып, ауруханаға барғанымды жөн көрді. Бірақ мен саусағым сынса да, Қазақстан чемпионатының алғашқы айналымынан қайтуды жөн көрмедім. Ұлттық құраманың дәрігеріне ешкімге айтпауын өтіндім. Ұрған сәтте ауырды. Бірақ спортта жылағандар емес, шыдағандар жеңіске жетеді ғой. Соңына дейін күресіп, Қазақстан чемпионы атандым. Артынша 3 күннен кейін Қырғызстанда да кәсіпқой бокс кешінде өнер көрсеттім», - деді Сәкен Бибосынов.
Ол әлем чемпионатына бару жайын да айта кетті.
- «Шымкентке оралған соң, дәрігерлер саусағыма ота жасау керектігін айтты. Бірақ мен гипс салып, Ташкенттегі оқу-жаттығуына шыдап жүрдім. Кейін білінбей кетті. Бірақ бұндай жайттар ұлттық құрамадағы көп боксшыларда кездесіп жатады», - деп Сәкен Бибосынов жарақаты жайлы айтты.
Айта кетейік, Сәкен Бибосынов желтоқсан айында Дубайда өткен әлем чемпионатында 54 келіде топ жарған болатын.
Біздің серіктес: 200 000 фрибетті ұтысқа саламыз – арнаға жазыл және батырманы бас
Қанат Байұзақов