4 күн бұрын

Данияр Елеусінов: Еркебұлан Тоқтар мені жеңе алмайды

Данияр Елеусінов: Еркебұлан Тоқтар мені жеңе алмайды

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Данияр Елеусінов берген сұхбатында Еркебұлан Тоқтармен жекпе-жек өткізуге қарсы емес екенін айтты. Алайда оның пікірінше, бұл кездесуде спорттық бәсеке жоқ.

— Иә, Еркебұланмен шығуға қарсы емеспін, ақша табу үшін. Бірақ ол жерде спорттық қызығушылық, бәсеке жоқ. Себебі түсінікті — ол мені жеңе алмайды, — деді боксшы.

Олимпиада чемпионының бұл сөзіне Еркебұлан Тоқтар әлеуметтік желіде жауап қатты. Ол Instagram парақшасында екі қазақ боксшысының арасына от салушылар мен арандатушылар көп екенін атап өтті. Сонымен қатар Даниярды сыйлайтынын айтып, белгілі бір форматта жекпе-жек өткізуге дайын екенін жеткізді.

— Ол жерде анық маған жекпе-жекке шақырту жасалған жоқ. Егер Америкадағыдай Джейк Пол мен Джошуа жекпе-жегіндей шоу форматында өтсе, мен қарсы емеспін. Данияр бәрін ашық айтты,қаржылық тұрғыда өткізуге болады, ал спорттық жағынан оған қызық емес. Кімнің мықты екені рингке шықпай-ақ белгілі. Оның деңгейі бөлек, ол — олимпиада чемпионы. Егер екеуіміз шықсақ, мүмкін 1–2 раунд шыдап берермін, әрі қарай ол оңай жеңеді. Бірақ жұмыс деп қарайтын болсақ, шығуға қарсы емеспін, — деді Еркебұлан.

Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде екі боксшы арасында кикілжің бар екені туралы жазбалар тараған болатын. Бұл мәлімдемесі арқылы Еркебұлан Тоқтар аталған мәселеге қатысты барлық сұраққа жауап берді.



Біздің серіктес: 200 000 фрибетті ұтысқа саламыз – арнаға жазыл және батырманы бас