17 сағат бұрын
Әлімханұлының B сынамасына байланысты жаңа ақпарат жарияланды
Қазақстанның кәсіпқой бокс федерациясы орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының B сынамасын ашу рәсіміне қатысты ресми мәлімдеме жасады.
Федерация президенті Рахымжан Ерденбековтың айтуынша, B сынаманы ашу процедурасы АҚШ-тың Юта штатындағы Солт-Лейк-Сити қаласында халықаралық антидопинг ережелеріне толық сәйкес өткізілген. Процеске спортшының команда өкілдері, мамандар және тиісті тараптар қатысқан.
Ашылған B сынама ресми түрде аккредиттелген халықаралық зертханаға жолданып, белгіленген стандарттар бойынша талдаудан өтуде. Қазіргі таңда қандай да бір қорытынды жасауға негіз жоқ екені атап өтілді.
Қазақстанның кәсіпқой бокс федерациясы бұл жағдайда айып дәлелденбейінше кінәсіз деп есептеу қағидасын ұстанатынын мәлімдеді. Сондай-ақ федерация таза спортты қолдайтынын, халықаралық антидопинг талаптарын құрметтейтінін және ресми зертхана қорытындысы шықпайынша қандай да бір алып-қашпа ақпаратқа жол бермейтінін жеткізді.
Зертхана нәтижелері белгілі болған соң, жағдайға байланысты қосымша ақпарат жарияланатын болады.
Айта кетейік, бұған дейін Жәнібек Әлімханұлының допинг-сынамасынан мельдоний табылғаны хабарланған еді. Боксшы мен оның командасы тыйым салынған препаратты әдейі қолданғанын жоққа шығарып отыр.
Біздің серіктес: 200 000 фрибетті ұтысқа саламыз – арнаға жазыл және батырманы бас