3 күн бұрын

Қайрат Сәтжанов қазақстандық боксшылардың жетістіктері жөнінде пікір білдірді

Қайрат Сәтжанов қазақстандық боксшылардың жетістіктері жөнінде пікір білдірді

Фото: Қазақстан бокс федерациясы

Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы бас бапкері қызметінен кеткен Қайрат Сәтжанов атқарған жұмыстары жөнінде пікірін білдірді, деп хабарлайды Sport12.kz. 

Тәжірибелі маман бұл қызметті 2024 жылдың тамыз айында қолға алған еді.

- Федерация тарапынан ұлттық құрама тізгінін ұстау жөнінде ұсыныс түсті. Содан бері бір жарым жылға жуық еңбек еттім. Бұл уақыт ішінде бірлескен түрде ауқымды жұмыстар атқарылды. Көп жылғы тәжірибе және біліктілігімізді пайдалана білдік. Көрсеткіш көңіл қуантты. Былтыр Испанияда өткен жарыста көш басында болдық. Болгариядағы Странджа турнирінде командалық есепте бірінші орын еншімізге бұйырды. Сондай-ақ Сербия, Нидерландта өткен турнирлерде, елордада болған әлем кубогы кезеңінде бірінші орын еншімізге бұйырды. Қуанарлығы, World Boxing және IBA аясында өткен әлем чемпионаттарында шәкірттерім ширақ қимылымен көзге түсті, - деді Қайрат Сәтжанов.

Оның айтуынша, биыл да жауапты жарыстар өтеді. Онда да еліміздің былғары қолғап шеберлері жанкүйерлерді жоғары көрсеткішімен қуантады деген сенім мол.

- Биыл наурыз айында Азия чемпионаты өтсе, одан кейін әлем кубогының бірнеше кезеңі күтіп тұр. Қыркүйек айында Азия ойындары жалауын көтереді. Бұл сайыстарда қазақстандық боксшылар жеңіс тұғырына көтеріледі деп сенемін, - деді ол.

Еліміздің ерлер құрамасы Қайрат Сәтжановтың жетекшілігімен өткен жылғы қыркүйек айында World Boxing аясындағы әлем чемпионатында бес алтын алды. Олардың қатарында Махмұд Сабырхан (55 келі), Санжар Ташкенбай (50 келі), Төрехан Сабырхан (70 келі), Айбек Оралбай (90 келі) бар. 

Ал желтоқсан айында IBA аясында болған әлем чемпионатында Сәкен Бибосынов (54 келі), Оразбек Асылқұлов (57 келі), Абылайхан Жүсіпов (71 келі) алтын, Сабыржан Аққалықов (75 келі) күміс, Теміртас Жүсіпов (48 келі), Ертуған Зейнуллинов (63,5 келі) қола жүлдегер атанды. 


Біздің серіктес: 200 000 фрибетті ұтысқа саламыз – арнаға жазыл және батырманы бас