2 күн бұрын

Жәнібек Әлімханұлының допинг ісіне қатысты тыңдау күні белгілі болды

Жәнібек Әлімханұлының допинг ісіне қатысты тыңдау күні белгілі болды

Қазақстанның кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахимжан Ерденбеков қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлына қатысты допинг дауы бойынша тәртіптік тыңдауға дайындық жүріп жатқанын мәлімдеді.

Ерденбеков Instagram Stories парақшасында Ерікті антидопинг қауымдастығының (VADA) өкілінен келген ресми хатты жариялады. Құжатта Жәнібек Әлімханұлының B сынамасы Дүниежүзілік антидопинг агенттігінің (WADA) талаптарына толық сәйкес талданғаны көрсетілген. Жарияланымға ол комиссия отырысына дейінгі кері санау таймерін қосып, «Біз дайынбыз!» деген жазба қалдырды.

Айта кетейік, тәртіптік тыңдау бүгін, 19 қаңтарда өтеді. Оның қорытындысы бойынша аталған істің әрі қарайғы тағдыры мен қазіргі чемпионның болашағы анықталмақ.

Еске сала кетсек, желтоқсан айында Жәнібек Әлімханұлының допинг сынамасынан мельдоний табылып, бұл оның кубалық боксшы Эрисланди Ларамен өтуі тиіс біріктіруші жекпе-жегінің өтпеуіне себеп болған еді. Осыдан кейін «Қазақ стилі» командасы B сынамасын ашуды талап етті, ал спортшы өзі тыйым салынған препаратты әдейі қолданбағанын мәлімдеген болатын.



Біздің серіктес: Бізге тіркел!