2 күн бұрын

Серік Сапиев: Қарағанды спортында жасырын ықпалы бар адамдар болды

Серік Сапиев: Қарағанды спортында жасырын ықпалы бар адамдар болды

Фото: Серік Сапиевтің инстаграм парақшасы

Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы Серік Сапиев өзінің орынбасарымен болған жанжалдың неден туындағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sport12.kz.  

Оқиға 21 қаңтар күні облыстық кешенді мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің аумағында болған.

Алдын ала ақпаратқа сәйкес, екі ер адам арасында әуелі ауызша жанжал туындап, ол кейін төбелеске ұласқан. 

- Құрметті қазақстандықтар! Ең алдымен, қолдау білдірген баршаңызға алғыс айтамын. Халықтың қолдауы – мен үшін ең үлкен құндылық. Болған оқиғаға қатысты нақты айта кеткім келеді: бұл жеке немесе тұрмыстық жанжал емес. Аймақта жасырын ықпалы бар кейбір адамдар тарапынан қарсылыққа тап болдым. Облыстық спорт ұйымдарының басшыларын заңсыз ротациялауға әрекет жасалып, оған менің орынбасарым да қатысқан. Мен бұл заңсыз әрекеттерді тоқтаттым, соның салдары осы жағдайға әкелді.

Ашық мәлімдеймін: Мемлекет басшысы айтқандай, қазақстандық спорттағы жүйелі реформаларды жүзеге асыру жолындағы мұндай арандатушылықтар біздің шешімімізді шайқалтпайды. Барлықтарыңызға рақмет. Қазақтың күші – бірлікте, - деді ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

Серік Сәпиевтің бірнеше біліктілік бойынша жоғары білімі бар: «дене шынықтыру педагогі», «құқықтану», «мемлекеттік және жергілікті басқару», «спорт менеджменті» мамандығы бойынша «Болашақ» халықаралық бағдарламасының стипендиаты.

Серік Сапиев Еңбек жолын Қазақстан бокс федерациясында бастады: жаттықтырушы-оқытушы, кейін спорт директоры болды.

«Astana Arlans» кәсіби спорт клубын басқарды.

2017 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды.

2019 жылдың қаңтарында Мемлекеттік қызметке ауысты — үш жылға жуық ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетін басқарды.

Содан кейін ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті Бас хатшысының орынбасары қызметін атқарды.

2022 жылдың сәуірінен бастап осы тағайындауға дейін «MTEX management» ЖШС спортты дамыту жөніндегі басқарушы директоры болып жұмыс істеді, ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің вице-президенті болып табылады.


Біздің серіктес: Бізге тіркел!