5 күн бұрын
Испанияда өткен жекпе-жекте қазақстандық боксшы неге жеңілді?
Испанияның Ла-Нусия қаласында өтіп жатқан Boxam Elite-2026 халықаралық бокс турнирінде қазақстандық ауыр салмақтағы боксшы Онталап Рахмановтың жүлде үшін өткен жекпе-жектегі жеңілісіне қатысты түсініктеме берілді.
024boxing.com сайты жарыстың үшінші күнін қорытындылап, 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі Онталап Рахманов пен испаниялық Энмануэль Рейес арасындағы жекпе-жекке жеке тоқталды. Бұл кездесу турнирдің ширек финалында өтті.
Жекпе-жек нәтижесінде төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңіс Энмануэль Рейеске берілді. Осылайша, испаниялық боксшы финалға жолдама алып, өзіне кемінде қола жүлдені кепілдендірді.
Жарияланған шолуда Энмануэль Рейестің тәжірибесіне ерекше назар аударылды. Ол бұған дейін Куба құрамасында өнер көрсеткен, ал қазіргі таңда Испания атынан жарыстарға қатысады. 34 жастағы боксшы — Олимпиада ойындарының, әлем және Еуропа чемпионаттарының жүлдегері. Соған қарамастан, ол әлі де жоғары мақсаттар қойып жүргенін көрсетті.
Материал авторларының пікірінше, Рейес жекпе-жек барысында барлық үш раундты толық бақылауда ұстап, тактикалық және тәжірибелік артықшылығын тиімді пайдалана білді. Бұл оның Ла-Нусиядағы турнирдегі сенімді дебютіне айналды.
Айта кетейік, Boxam Elite-2026 турнирі Қазақстан ерлер құрамасы үшін жаңа бас бапкер Нұржан Нәсановтың жетекшілігіндегі алғашқы ресми жарыс болып отыр. Ол бұл қызметте ұзақ жылдар бойы құраманы басқарған Қайрат Сәтжановты алмастырған еді.
Біздің серіктес: Бізге тіркел!