1 күн бұрын

Елімізде боксты дамыту тұжырымдамасы ресми бекітілді

Елімізде боксты дамыту тұжырымдамасы ресми бекітілді

Қазақстан Үкіметі 2026–2030 жылдарға арналған боксты дамыту тұжырымдамасын бекітті. Құжат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру аясында қабылданды. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Жаңа тұжырымдаманың басты мақсаты – елде бокспен айналысатын азаматтар санын арттыру, спортшыларды даярлау сапасын жақсарту және қазақстандық боксшылардың халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін күшейту.

Құжат алты бөлімнен тұрады және саланы дамытудың негізгі бағыттарын қамтиды. Атап айтқанда, бокс инфрақұрылымын дамыту, бұқаралық спортты кеңейту, спорт резервін қалыптастыру, ғылыми-әдістемелік және медициналық қолдауды жетілдіру, жаттықтырушылар мен төрешілердің біліктілігін арттыру, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық пен кәсіби боксты дамыту көзделген.

Тұжырымдаманы жүзеге асыру үшін 31 іс-шарадан тұратын кешенді жоспар бекітілді. Бұл шаралар саладағы өзекті мәселелерді жүйелі түрде шешуге және нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған.

Қазіргі таңда Қазақстанда бокспен 153 мыңнан астам адам айналысады. Елдің барлық 20 өңірінде 2 мыңнан астам жаттықтырушы жұмыс істейді. Ұлттық құраманың сапында 595 спортшы бар. Сонымен қатар, 39 мыңнан астам бала балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде жаттығып жүр.

Жоспарға сәйкес, 2030 жылға қарай бокспен шұғылданушылар санын арттыру, дайындық жүйесінің тиімділігін күшейту және қазақстандық спортшылардың әлемдік деңгейдегі позициясын нығайту көзделіп отыр.

Бұл тұжырымдаманы жүзеге асыру отандық бокстың дамуына жаңа серпін беріп, салауатты өмір салтын насихаттауға және халықаралық аренада ел имиджін арттыруға ықпал етпек.



Біздің серіктес: «Ойна, болжа, қатыс!»