5 сағат бұрын

Санжар Тәшкенбай Азия чемпионатында жүлдесіз қалды

Санжар Тәшкенбай Азия чемпионатында жүлдесіз қалды

Фото: Қазақстан бокс федерациясы

Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласында өтіп жатқан World Boxing аясындағы 2026 жылғы Азия чемпионатында ел құрамасынан бүгін, 4 сәуірде ел құрамасынан Санжар Тәшкенбай (50 келі) жарыс жолын аяқтады, деп хабарлайды Sport12.kz.

Қазақстандық боксшы ширек финалда үндістандық Вишванаш Сурешпен қолғап түйістірді.

Санжар Ташкенбай 2003 жылы 1 маусымда дүниеге келген. 2023 жылы әлем чемпионы атанса, 2022 жылы Азия чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілді. Оған қоса Санжар 2025 жылы World Boxing аясындағы әлем кубогында чемпион атанды.

Ал Вишванаш Суреш 2024 жылы Астанада U22 санатындағы Азия чемпионы болды.

Жекпе-жек барысында қос қарсылас бір-біріне көбірек соққы жұмсауға тырысты. Десе де төрешілер шешімімен алғашқы екі раундта Санжар қарсыласына есе жіберіп қойды. Шешуші раундта Санжар нокдаунға түсіп қалды. Нәтижесінде ол үндістандық боксшыға есе жіберіп, жарыс жолын ерте аяқтады.

Ел құрамасынан бүгін Лаура Есенкелді (65 келі) үндістандық Анкушита Бороға есе жіберіп, жарыс жолын ширек финалда аяқтауға мәжбүр болды.

Оған дейін әйелдер құрамасынан Жазира Орақбаева (51 келі, Элина Базарова (54 келі), Римма Волосенко (60 келі) жарыс жолынан шығып қалды.

Енді ел құрамасынан бүгін күндізгі сессияда он екінші жұпта Ертуған Зейнуллинов (65 келі) қырғызстандық Мирзохид Имамназаровпен шеберлік байқасады.

Ал кешкі сессияда төртінші жұпта Валентина Хальзова (75 келі) Оңтүстік Корея өкілі Суйеон Сеонг, тоғызыншы жұпта Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) өзбекстандық Арман Махановпен кездеседі.

Айта кетсек, бүгін Оразбек Асылқұлов (60 келі) Азия чемпионатында жапониялық Шунсуке Китамотомен кездесуі керек еді. Алайда қарсылас жарақатына байланыста шаршы алаңға шықпайтыны белгілі болды. Осылайша Оразбек жартылай финалға өтті.

Құрлықтық дода 10 сәуірге дейін созылады.



Біздің серіктес: «Ойна, болжа, қатыс!»