10 сағат бұрын
Әйгерім Сәттібаева Азия чемпионатына жартылай финалына шықты
Фото: Спортты дамыту дирекциясы
Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласында өтіп жатқан World Boxing аясындағы 2026 жылғы Азия чемпионатында ел құрамасынан 5 сәуірде алғашқы болып Әйгерім Сәттібаева (48 келі) шықты, деп хабаралйды Sport12.kz.
Отандасымыз ширек финалда өзбекстандық Әлем чемпионатының 2 мәрте қола жүлдегері Сабина Бобокуловамен қолғап түйістірді.
Алғашқы екі раундта қарсыластар бір-біріне көбірек соққы жұмсап, ұпай қорын молайтуға тырысты. Нәтижесінде төрешілер олар тең деңгейде жекпе-жек өткізді деп бағалады.
Шешуші раундта да Әйгерім қарықнын бәсеңдеткен жоқ. Осылайша ол қарсыласынан басым түсіп, жартылай финалға жолдама алды.
Әйгерім Сәттібаева – бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы және 2010 жылғы Азия біріншілігінің қола жүлдегері. Ол ұзақ үзілістен соң 2023 жылы боксқа оралған еді.
Сондай-ақ бүгін күндізгі сессияда 8-жұпта Ұлжан Сәрсенбек (57 келі) таиландтық Пунрауе Руенроспен шеберлік байқасты.
Қазақстандық тағы үш боксшы Қазақстан уақытымен 14:00-де басталатын кешкі сессияда сынға түседі. Алдымен 4-жұпта Сабыржан Аққалықов (75 келі) жапониялық Тайга Ягимен шаршы алаңға шықса, 7-жұпта Ерасыл Жақпеков (80 келі) өзбекстандық әлем чемпионы Фазлиддин Еркинбоев, 11-жұпта Сағындық Тоғамбай (90 келі) қытайлық Хуежен Ханмен қолғап түйістіреді.
Айта кетсек, 4 сәуірде құрлықтық додада Айбек Оралбай (90 келіден жоғары), Валентина Хальзова (75 келі), Ертуған Зейнуллинов (65 келі), Оразбек Асылқұлов (60 келі) жартылай финалға жолдама алса, Санжар Ташкенбай (50 келі), Лаура Есенкелді (65 келі) жарыс жолын аяқтады.
Біздің серіктес: «Ойна, болжа, қатыс!»