7 сағат бұрын
Бокстан Азия чемпионатында қандай жайттар тіркелді?
Бокстан Моңғолия астанасы Ұланбатырда өткен World Boxing аясындағы Азия чемпионаты күтпеген нәтижелерге толы болды, деп хабарлайды Sport12.kz
«Алтынсыз» қалған жарыс қожайыны
15 боксшысын жарысқа қосқан Моңғолия құрамасы 1 күміс, 2 қола медаль ғана еншіледі. Әсіресе 50 келіде әлем чемпионатының күміс жүлдегері Баттулга Алдархишигин, 70 келіде әлем чемпионатының ширек финалисі Баямба Ерденк Отгонбаатар, 60 келіде Азия чемпионатының күміс жүлдегері Байархуугин Буйандалай сынды мықтылары жүлдесіз. Өткен сары құрлықтың тарихтарына назар аударсақ, жарыс қожайындары «алтынсыз» қалған жайттар біршама кездескен. Алысқа кетпей-ақ, 2019 жылы Таиланд және 2021 жылы БАӘ боксшылары өз жерінде чемпиондық атаққа қол жеткізе алмады.
Фавориттердің жаппай жеңілісі
50 келі.
Басты фавориттер саналған 2 дүркін әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай, Азия чемпионы Асилбек Жалилов, әлем чемпионатының финалисі Баттулга Алдархишигин тіпті қола жүлдеге де жете алмады.
55 келі
2 дүркін әлем чемпионы Махмұд Сабырхан жартылай финалда есе жіберсе, Шахзод Мұзафаров (Өзбекстан) ширек финалда сүрінді.
60 келі
2024 жылғы Азия чемпионы Акмал Убаидов (Тәжікстан) алғашқы айналымнан аса алмаса, әлем чемпионатының қола жүлдегері Шунсуке Китамото қабағындағы жарақатына байланысты екінші айналымда Оразбекке қарсы шығудан бас тартты.
70 келі
Әлем чемпионы жеңіліссіз келе жатқан Төрехан Сабырханның сериясы тоқтады.
90 келі
Азия чемпионы Сағындық Тоғамбай күтпеген жерден жартылай финалда Өзбекстанның өкілі Халимжон Мамасолиевке жол берді.
Әйелдер арасында Париж Олимпиадасының чемпионы, 60 келідегі Линь Юй-Тинның (Тайпей) жартылай финалда жеңілуін күтпеген жайттардың қатарына қосуға болады.
Мықтылардың келмеуі
2021, 2022, 2024 жылғы сары құрлық додасында жалпы есептегі бірінші орынға талас Қазақстан мен Өзбекстан арасында өтіп келіп еді.
Биыл көрші Өзбекстанның ерлер құрамасы қосалқы құрамға мүмкіндік беруді жөн көрді. Себебі, Ливерпульдегі негізгі құрам Дубайдағы жаһандық додада сынға түскен еді.
Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Мұнарбек Сейітбекұлы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Омар Ливаза бастаған Қырғызстанның негізгі құрамасы Азия чемпионатына емес, Түркиядағы халықаралық турнирге баруды жөн көрді.
Геосаяси жағдайға байланысты Иран да қатыса алмады.
Осы жолы Қазақстан мен Өзбекстанның ерлер арасында 7 теке-тірес тіркеліп, 5:2 есебімен жерлестеріміздің пайдасына шешілді.
55 келі. 1/4 финал. Махмұд Сабырхан - Шахзод Мұзафаров - 3:2
60 келі. 1/2 финал. Оразбек Асылқұлов - Абдурахмон Махмуджонов - 3:2
75 келі. Финал. Сабыржан Аққалықов - Жавохир Абдурахимов - 5:0
80 келі. 1/4 финал. Ерасыл Жақпеков - Фазлиддин Еркинбоев - 0:5
85 келі. Финал. Нұрбек Оралбай - Жасурбек Юлдошев - 5:0
90 келі. 1/2 финал. Сағындық Тоғамбай - Халимжон Мамасолиев - 1:4
+90 келі. 1/4 финал. Айбек Оралбай - Арман Маханов - 4:1
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан
Қанат Байұзақов