12.10.2024
Қайрат Сәтжанов Шымкентте өткен турнирдегі боксшылардың жекпе-жегі туралы жеке пікірін айтты.
Olympic.kz
Бокстан Қазақстан командасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов жуырда Шымкентте өткен халықаралық турнирдегі боксшылардың жекпе-жегі туралы жеке пікірін айтты. Бұл жөнінде Olympic.kz жазды.
Тек үш спортшыны ғана босаттық. Асланбек Шымбергенов, Нұрбек Оралбай және Қамшыбек Қоңқабаев. Оған себеп – жарақаттар.
Нұрбек мұрнына ота жасауы қажет. Ол әлі біраз уақыт шаршы алаңға шықпайды деп ойлаймын. Десе де жиындарға қатысады. Спаррингке әзірге шығармаймыз. Барынша мұқият болып, абайлауы керек болады. Қамшыбектің омыртқасында жарық бар. Асланбек те ем алып жатыр.
Біздің жігіттердің деңгейі жақсы болды. Өздерін жақсы көрсетті. Теміртас Жүсіповтың дайындығы жақсы болды. Санжар Тәшкенбай да бабында өнер көрсетті. Екеуі де 48 келіге дейінгі салмақта кездесуі керек еді. Бірақ жарақат салдарынан Санжар жарыстан шығуға мәжбүр болды.
Дамир Әбдіқадыр, Даниял Сабит жақсы жекпе-жек көрсетті. Нұрсұлтан Алтынбек те өте мықты болды. Оразбек Асылқұловты да айта кетсем деп едім. Біз әр кеште арнайы топта өткен жекпе-жектерді талқыладық. Мен Оразбекке «5+» деген баға бердім.