08.02.2025
«Астананың» бұрынғы қақпашысы «Ұлытауға» қосылды
Фото: «Ұлытау» ФК
«Ұлытау» футбол клубы әлеуметтік желісінде Дмитрий Непогодовпен келісімшартқа отырғанын хабарлады.
Дмитрий - украиндық футбол мектебінің түлегі. Мансабында Украинаның «Металлург», «Ворскла» және «Черноморец» ұжымдарында, сондай-ақ Қазақстан чемпионатында «Тобыл», «Ордабасы», «Астана» сынды клубтарының қақпасын күзетті.
Непогодов соңғы екі маусымда украиндық «Подолье» сапында ойнады. Аталған клуб сапында ол 38 матч өткізіп, 41 гол жіберіп алды, ал 9 ойында қақпасына гол дарытпаған.
Дмитрий Қазақстан құрамасының сапында 2018 жылы УЕФА Ұлттар лигасы аясындағы Грузияға қарсы ойында дебют жасап, ұлттық құрама жейдесінде 13 ойын өткізген.
Сондай-ақ «Ұлытау» қатарына Сергей Кейлер мен Рамазан Абылайхан қосылды.
Еске салсақ, Ұлытау облысының ұжымы бірінші лиганың өткен маусымын 28 ойында 60 ұпай жинап, екінші орында аяқтаған болатын. Осылайша команда Қазақстан премьер-лигасына берілетін жолдаманы жеңіп алды.
Біздің серіктес: «Ойна, болжа, қатыс!»
Азамат Бақи