19.02.2025

Қақпашыны алмастыру және жастармен қоштасу: «Қайрат» клубы жаңа маусымға қалай дайындалып жатыр?

Қақпашыны алмастыру және жастармен қоштасу: «Қайрат» клубы жаңа маусымға қалай дайындалып жатыр?

2025 жылғы отандық футбол маусымын ең алғаш бастайтын клубтың бірі - «Қайрат» клубы. Команда 22 маусым күні Қазақстан Суперкубогы үшін Astana Arena стадионында «Ақтөбемен» күш сынасады.

Трансфер кезеңінде алматылық ұжым қақпашы жағынан үлкен өзгеріс жасады. Өткен жылы қақпаны күзеткен Вадим Ульянов, Данил Устименко командамен қош айтысты. Оның орнына Қазақстан ұлттық құрамасына шақырту алған, «Жеңіс» клубында жалда ойнап, капитан болған Темірлан Анарбековке және «Астана» клубының қосалқы қақпашысы болған Александр Заруцкийге сенім артылады.

Қорғаныс шебінде де «Пари НН-нен» келген Иброхимхалил Юлдашевтің жалда ойнау уақыты аяқталса, жастар ұлттық құрамасына шақырту алып жүрген Егор Ткаченко «Елімайға» ауысты. Олардың орнына Қазақстан ұлттық құрамасының футболшысы,  «Тобылда» доп тепкен Еркін Тапалов, «Қайрат-Жастар» командасында жақсы көзге түскен Александр Широбоковқа сенім мол.

Алматылықтар чемпиондар лигасында өнер көрсететін болған соң, жанкүйерлер де жарқын трансферлерді күтетіні анық. Осы жағынан келетін болсақ, команда Израиль ұлттық құрамасының ойынышысы Дан Глайзер, чемпиондар лигасында «Ордабасы» қақпасына бірнеше гол соққан Жоржиньоның келгенін айтуға болады. Әрине, дәл қазіргі сәтте «Қайрат» айтарлықтай үлкен өзгеріс жасамайтындығы түсінікті. Олар өткен маусымдағы Гиорги Зариа, Жоао Пауло сынды білікті легионерлерге сенеді. Одан бөлек, ортаңғы шепте Әділет Садыбеков, қорғаныста Олжас Байбек те жақсы қырынан көрсете білді. Түркиядағы оқу-жаттығу жиынында талантты Әбілхайыр Абдурахманов пен Бірінші лигада сұрмергендердің біріне айнала білген Рамазан Бағдатқа мүмкіндік беріліп жатыр.

Клуб «қазақ Мессиі» атанған Еркебұлан Сейдахмет, Вячеслав Швырев, Андрей Ульшин, Арсен Буранчиев, Данияр Үсенов, Никита Пивкинмен келісім-шартты ұзартпау жайлы шешім қабылдады. Трансфер тұрғысынан «Қайрат» тағы бір рекордты жаңартып, Дастан Сәтпаевты «Челси» клубына 4 млн еуроға сатты. 

Өткен маусымда кәрі құрлықтың додасына қатыспаса да, алматылықтар жиі бапкерін ауыстырды. Бұл өзгерістер бәрібір де чемпиондық атағын жеңуге еш кесірін тигізбеген еді. Еурокубоктың матчтарына «қосалқы құрамды шығармаймыз» деген «Қайрат» клубының басқару кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев қаншалықты сөзінде тұра алады екен? Бір емес, бірнеше фронтта сәтті ойнай ала ма екен? Барлығын алдағы маусымда көретін боламыз.


Біздің серіктес: «Ойна, болжа, қатыс!»