24.03.2025
Экс-әлем чемпионы Лиам Смит: Жәнібектің шеберлігі басқа деңгейде

Орта салмақтағы экс-әлем чемпионы, британдық Лиам Смит (33-4, 20 KO) дивизионның қазіргі көшбасшылары туралы пікір білдірді.
Смит 2023 жылдың қыркүйегінен бері рингке шыққан жоқ және сол уақыттан бері дивизионда айтарлықтай өзгерістер де байқалмады. Алайда барлық боксшылардың ішінде ерекше көзге түсетін бірі – Қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы (16-0, 11 KO). Ол Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) және Халықаралық бокс федерациясы (IBF) нұсқалары бойынша әлем чемпионы. Бұл пікірді тәжірибелі британдық боксшы да қолдайды.
"Қазіргі уақытта дивизион ашық. Бірақ Жәнібекті есепке алмаймын. Жәнібек мүлдем басқа деңгейде. Менің ойымша, ол осы санаттағы ең мықты боксшы. Иә, оның Дензел Бентлимен қиындықтары болды. Кейбір жекпе-жектерінде сенімді көрінбеген сәттері де бар. Бірақ Жәнібек өзінің ең жақсы формасында болғанда, ол – әлемдегі ең мықты орта салмақтағы боксшы.
Ол WBC чемпионы Карлос Адаместі де жеңеді. Сондай-ақ WBA чемпионы Эрисланди Лараны да жеңеді. Лара әлі де жақсы боксшы. Бірақ ол қазірдің өзінде 41 жаста", – деп келтіреді The Ring Смиттің сөзін.
Айта кетейік, жақын арада Әлімханұлы өз титулдарын қорғайтын болады. 5 сәуір күні Астанада ол француз Анауэль Нгамиссенгемен (14-0, 9 KO) жұдырықтасады.
