5 күн бұрын
Қайрат Сәтжанов: World Boxing ұйымына көшуіміз біршама боксшылардың салмақ ауыстыруына әсер етті

Бокстан ерлер құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов қазіргі сәттегі жағдайды айтып берді.
Cанаулы күндер бұрын ғана бокстың тағдыры шешіліп, World Boxing ұйымы Олимпиаданың іріктеуін ұйымдастыруға мүмкіндік алды. Бұл жайтты қалай қабылдадыңыз?
- Бокс сүйер қауым 2025 жылдың 20 наурызын тағатсыздана күтті. Себебі, дәл сол күні Грекияның Коста-Наварино қаласында өткен Халықаралық Олимпиадалық комитетінің (ХОК) 144-ші сессиясында 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарының бағдарламасына боксты енгізу туралы мәселе қаралып, қосу туралы шешім шығарылды. Жеке өзіме келетін болсам, бокстың Олимпиада ойындарына кіретініне нық сенімді болдым. Өйткені өткен 33 жазғы Олимпиаданың 27-сінде бокстан жүлде үлестірілген әрі жанкүйерлер үшін жекпе-жек спорты сұранысқа ие.
Дәл қазіргі сәтте 2 ұйымның бар екендігін ескерсек, алдағы уақытта да IBA-ның жарыстарына қатыса бересіздер ме?
- World Boxing ұйымы Халықаралық Олимпиада комитеті тарапынан ресми мойындалды. Сондықтан басымдықты осы ұйымға береміз. Алайда рұқсат болып жатса, IBA ұйымының жарыстарында да тәжірибені арттырып, шеберлігімізді шыңдауға тырысамыз.
Кеше ғана Әлем кубогына баратын боксшылардяң тізімін көрдік. Бұл құрам қалай жасақталды? Неге 75 және 90 келіде боксшылар жоқ?
- 30 наурыз – 6 сәуір аралығында Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында өтетін Әлем кубогының бірінші кезеңіне 8 боксшымыз қатысады. Бұл құрамдағы шәкірттеріміздің көпшілігі 3-4 нөмірлі спортшыларымыз. Олар 2025 жылы Испаниядағы Boxam және Болгариядағы Strandja Tournament бәсекесіне қатысып, жүлде алып үлгерген.
Әлем кубогының әр кезеңдеріне бір құрам қатыса ма? Бұл турнир спортшыларды қаншалықты жігерлендіре алады?
- Ұлттық құрамада 70-тей боксшы тұрақты түрде жаттығады. Тек қана 2025 жылы World Boxing пен IBA ұйымдары Әлем және Азия чемпионатын өткізуді жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, Әлем кубогының кезеңдері, халықаралық турнирлер, оқу-жаттығу жиындары бар. Сондықтан бір құрамға басымдық береміз деп айта алмаймын. Бразилиядағы Әлем кубогына да үлкен жауапкершілікпен қараймыз. Бұл жарыс бауырларымыздың тәжірибесін молайтады деп сенемін.
Оқу-жаттығу жиынында Сәкен Бибосынов пен Мұхаммедсабыр Базарбайұлының салмақ қосқанына куә болдық. Бұл боксшылардың өзге салмаққа ауысады дегенді білдіре ме?
- Сәкен Бибосынов 2024 жылы өткен Азия чемпионаты барысында жарақат алып қалған еді. Содан бері ота жасатып, ем-дом шараларын қабылдады. Өздеріңіз білетіндей, World Boxing ұйымында салмақ дәрежелері басқаша. Сәкен бұған дейін 51 келіде өнер көрсетсе, енді жаңа ұйымда 50 келіде жұдырықтасу қиынға соғады. Сондықтан оған 55 келіге ауысқан тиімдірек. Бұл салмақта Махмұд Сабырхан бірінші нөмірлі болып қала береді. Одан бөлек, 55 келіде Нұрсұлтан Алтынбек, Тимур Қабдешов, Бағлан Кенжебек, Жандәулет Сәрсенбаев сынды талантты жастарымыз да бар. Десе де, Сәкеннің әлем чемпионы, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері және т.б тәжірибесі бар екендігін ескерсек, өз орнын табуы тиіс. Мұхаммедсабыр Базарбайұлы алдағы уақытта 65 келіде Ертуған Зейнуллинов, Жандос Қыдырәлиев, Алмат Әбдуәлімен бірге бақ сынайды.
