2 күн бұрын
Әлем кубогы: Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы жүлделер түсті

Фото: Қазақстан бокс федерациясы
Бокстан World Boxing ұйымы Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында өткізіп жатқан Әлем кубогының алғашқы жарыс күнінде қазақстандық боксшылар жүлде жеңіп алу мүмкіндігін иеленді.
Бүгін жаһандық доданың жеребесі тартылды. Нәтижесінде еліміздің атынан Бразилияға аттанған Ұлжан Сәрсенбек (57 кг) пен Дәулет Төлемісов (85 кг) жартылай финалға тікелей жолдама алды. Бұл дегеніміз жеңілген жағдайдың өзінде Ұлжан мен Дәулет қола жүлдегер атанады деген сөз.
Ұлжан финал жолдамасын Юлия Шеремета (Польша) – Алиса Мендоса (АҚШ) жекпе-жегінің жеңімпазымен сарапқа салады. Ал Дәулет Абдулайе Траоре (Франция) – Джунгно (Үндістан) жұбының мықтысымен қолғап түйістіреді.
Осылайша Ұлжан Сәрсенбек пен Дәулет Төлемісов World Boxing ұйымдастырған Әлем кубогында жүлде жеңген алғашқы қазақстандықтар атанды.
Айта кетейік, байрақты бәсеке 5 сәуірге дейін жалғасады.
