1 күн бұрын
Әлем кубогы: Геннадий Головкин Бразилияға барды

Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында World Boxing Халықаралық бокс федерациясының қолдауымен бокстан Әлем кубогының бірінші кезеңі басталды.
Ашылу рәсіміне Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті, World Boxing Олимпиадалық комиссиясының төрағасы Геннадий Головкин қатысты.
Іс-шараға Бразилия бокс федерациясының төрағасы Маркос Кандидо де Брито, панамерикалық бокс конфедерациясының президенті Элиз Сеньол және WB Бас хатшысының міндетін атқарушы Майк Макатти сөз сөйледі.
Геннадий Головкин боксты Лос-Анджелес-2028 Олимпиада ойындарының бағдарламасында сақтап қалудың маңыздылығын және бұл спорт түрін әрі қарай дамыту қажеттілігін айтты.
Сонымен қатар Геннадий Головкин өтіп жатқан Әлем кубогының Оңтүстік Америкада бокс спортының танымалдылығын арттырудағы маңыздылығын атап өтті. Олимпиадалық комиссияның төрағасы бұл сайыстардың спортшыларды алдағы Олимпиада ойындарына дайындықтың маңызды кезеңі болатынына сенім білдірді.
Айта кетейік, Бразилиядағы Әлем кубогының бірінші кезеңіне 18 елден 130 боксшы қатысуда. Турнирдің келесі кезеңі Қазақстанда 30 маусым мен 7 шілде аралығында өтеді. Ал 21 мен 27 шілде аралығында тағы бір кезеңі күнтізбеде бар. Жарыстың өтетін орны кейінірек хабарланады. Әлем кубогының финалдық кезеңі 15–22 қарашада Үндістанда жоспарланған.
Сондай-ақ, 2025 жылы World Boxing әлем чемпионатын ұйымдастырады. Бұл беделді турнир 4-14 қыркүйек аралығында Ұлыбританияда өтеді.
