11.04.2025
«20 жастағы боксшы Джалоловты ең мықты деген атақтан айырды»

BoxingScene спорт порталы 2030 жылға қарай суперауыр салмақта кімдер мықты болады деген сұраққа жауап беріп, үздік 10 боксшының тізімін жариялады. Тізімге Олимпиаданың екі дүркін чемпионы, кәсіпқой бокста әлі жеңілмеген Баходир Джалолов (15-0, 14 КО) да енген.
Алайда рейтинг тек кәсіпқой бокста өнер көрсетіп жүрген боксшылар арасында жасалған. Сарапшылардың пайымынша, суперауыр салмақтағы боксшылар баяу дамиды, сондықтан 2025 жылы кәсіпқой рингке шықпағандар бес жылдан кейін үздіктер қатарында болуы екіталай.
Топ-10-ға енгендер:
- Мозес Итаума (20-0, 10 КО) – 20 жаста (2030 жылы 25-те)
- Баходир Джалолов (15-0, 14 КО) – 30 жаста (2030 жылы 35-те)
- Даниель Дюбуа (22-2, 21 КО) – 27 жаста (2030 жылы 32-де)
- Ричард Торрес (13-0, 11 КО) – 25 жаста (2030 жылы 30-да)
- Дайньер Перо (10-0, 8 КО) – 25 жаста (2030 жылы 30-да)
- Фабио Уордли (18-0, 17 КО) – 30 жаста (2030 жылы 35-те)
- Джай Опетая (27-0, 21 КО) – 29 жаста (2030 жылы 34-те)
- Агит Кабайел (26-0, 18 КО) – 32 жаста (2030 жылы 37-де)
- Джастис Хани (12-0, 7 КО) – 26 жаста (2030 жылы 31-де)
- Филип Хргович (18-1, 14 КО) – 32 жаста (2030 жылы 37-де)
Рейтингтің басына Мозес Итаума жайғасқан. Сарапшылар оның жасына қарамастан шеберлігін ерекше атап өтті.
«Итауманың бірінші орынға шығуы – тәуекел. Бірақ оның қолдары өте жылдам, джебі керемет, шабуылдан жақсы қорғана алады және екі қолы да қуатты. Соққыны да жақсы көтереді», – делінген материалда.
Ал Джалолов туралы пікірлер екіұшты. Оны біреулер болашақ жұлдыз деп таныса, енді біреулер сынға алуда.
«Ол – солақай Виталий Кличко немесе Дэвид Прайстың солақай нұсқасы. Ұзын бойлы (2,01 метр), қуатты. Бірақ әлі күнге дейін нағыз мықты қарсыласпен жұдырықтасқан жоқ. Соңғы жекпе-жегі – Игорь Шевадзутскиймен кездесуі – аса әсерлі болмады», – дейді авторлар.
