1 күн бұрын
Сағатына - 174 шақырым жылдамдық: Журналист боксшылардың қауіпсіздігіне алаңдайтынын айтты

Фото. kfb.kz
Бұл жөнінде журналист Аслан Тәженов өзінің әлеуметтік парақшасында жазды.
- Боксшыларды өте жақсы танимыз. Барынша ақпараттық қолдау танытып жүрміз. Бірақ, артық кетіп бара жатса, сынап та алатыным бар. Бүгін ұлттық құрама өкілдері Шымкентте өзара бас қосып, көлікпен сауық құрған видео жарияланды. Әсіресе, Санжар Тәшкенбай тізгіндеген темір тұлпардың сағатына 174 шақырыммен кетіп бара жатқанын көріп шошыдым. Шошыдым әрі алаңдадым. Сонша қайда асықтыңдар және осындай видео жариялаудың қажеті қанша?!
Жігіттер, иә чемпионсыңдар. Халық та соны бағалап, аузынан жырып барын беріп жатыр. Бірақ, сый-құрметті көтере білу керек. Қарапайым адамдар жылдамдықты алпыстан асырса айыппұл арқалап, төлей алмай қиналады. Ал, мына жерде - 174! Екіншіден, қауіпсіздік. Жолда небір жағдай болады. Құдай сақтасын, әрине. Өздеріңді де, өзгені де қауіпке тікпеңдер. Сәл жерге түсіңдер. Керісінше, көпке үлгі болуларың керек. Сәттілік, - деп жазды ол.
