5 сағат бұрын
«Тоттенхэм Хотспурс» - 2025 жылғы Еуропа лигасының чемпионы

Фото: Championat.com
Англияның «Тоттенхэм Хотспурс» командасы 2025 жылғы UEFA Еуропа лигасының чемпионы атанды., деп хабарлайды Sport12.kz.
Аталған турнирдің финалдық кездесуінде команда Англияның тағы бір клубы «Манчестер Юнайтедпен» шеберлік байқасты.
Ойын барысында лондондық клубтан 42-минутта Бреннан Джонсон соққан гол «Тоттенхэм Хотспурс» командасына жеңіс алып келді.
Ослыайша олар қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсіп, 1984 жылдан кейін алғаш рет еурокубок турнирінде жеңімпаз атанып отыр. Сол уақытта команда Бельгияның «Андерлехт» (1:1, 1:1, 4:3 пенальтиден) клубын екі ойынның нәтижесімен тізе бүктіріп, жоғары жетістікке қол созған еді.
Айта кетерлігі, лондондық клуб 2008 жылдан кейін трофейге қол созып отыр. Ол уақытта команда Англия футбол лигасының кубок иегері атанған еді.
Сондай-ақ биыл Англия Премьер-лигасында 17-орынға тұрақтаған «Тоттенхэм Хотспурс» Еуропа лигасының жеңімпазы атанғаннан кейін Чемпиондар лигасына жолдама алды.
Енді 28 мамырда «Реал Бетис» (Испания) мен «Челси» (Англия) ойнайды.
Одан кейін 31 мамырда Чемпиондар лигасы финалында «Пари Сен-Жермен» (Франция) мен «Интер» (Италия) командасы кездеседі.
