1 күн бұрын
Қазақстандық төреші Еуропа чемпионатында қазылық етеді

Фото: Қазақстан футбол федерациясы
Қазақстандық төреші Болат Сариев 2025 жылғы 12-29 маусым аралығында Словакияда өтетін 21 жасқа дейінгі жастар арасындағы Еуропа чемпионатының (UEFA U21) финалдық кезеңінде жұмыс істейді, деп хабарлайды Sport12.kz.
Бұл жөнінде Қазақстан футбол федерациясы мәлімдеді.
Бұл – отандық футбол үшін маңызды оқиға. Көп жылдық үзілістен кейін қазақстандық төреші алғаш рет УЕФА аясындағы ірі халықаралық турнирдің шешуші кезеңіне шақырту алды. Болат Сариев төртінші төреші қызметін атқарады, бұл оған халықаралық деңгейде мол тәжірибе жинауға мүмкіндік береді.
Оның алғашқы матчы 12 маусымда Финляндия мен Нидерланд құрамалары арасында өтеді. Басталуы – Қазақстан уақытымен сағат 00:00-де.
Сонымен қатар, УЕФА атынан турнирге төрелік және инспекция департаментінің жетекшісі Нуну Алешандре Каштру жіберілді. Ол жарыс барысында төрешілердің жұмысына талдау жасап, ресми бақылаушы әрі нұсқаушы ретінде қызмет етеді.
Болат Сариев пен Нуну Каштрудың аталмыш турнирге қатысуы – УЕФА тарапынан қазақстандық төрешілік корпусына білдірілген сенімнің және еліміздегі төрешілер дайындығының сапалы деңгейге көтерілгенінің дәлелі.
