1 күн бұрын
Дастан Сатпаев мамыр айының үздік ойыншысы атанды

Фото: «Қайрат» футбол клубы
Алматылық «Қайрат» командасының шабуылшысы Дастан Сатпаев мамыр айының үздік ойыншысы атанды, деп хабарлайды Sport12.kz.
«Кинопоиск. Айдың үздік ойыншысы» жүлдесін қатарынан екінші рет 16 жастағы сұрмерген жеңіп алды. Ашық дауыс беру ресми Sary-Qaralar Instagram арнасында өтті.
Мамыр айында өткен алты матчта Дастан төрт гол соғып, командасына бір пенальти алып берді. Ал «Ақтөбенің» қақпасына ойын соңында соққан голы командаға шешуші жеңіс сыйлады.
Жүлде Дастанға 21 маусым күні сағат 18:00-де өтетін «Қайрат» — «Қызылжар» матчында табысталады.
Дастан Алматыда дүниеге келген. Сегіз жасында «Қайрат» академиясына түсіп, дайындықтың барлық сатысынан өтті.
Дарынды шабуылшы QJ League лигасындағы 28 матчта, 26 гол соғып, 10 нәтижелі пастың авторы атанған.
