10 сағат бұрын
ҚПЛ: «Қайрат» пен «Жетісу» тең ойнады

Фото: Kffleague.kz
Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 12-турында алматылық «Қайрат» сырт алаңда талдықорғандық «Жетісумен» тең ойнады, деп хабарлайды Sport12.kz.
Алматылық клуб биыл бас жүлдеге қол созуды алдына мақсат етіп отыр. Дегенмен олар соңғы төрт турда бір мәрте ғана жеңіске жетті. Екеуінде қарсыласына есе жіберсе, біреуінде тең нәтижеге қанағат білдірді.
Бүгінгі ойында талдықорғандық клуб алғашқы болып есеп ашты. Олардың қатарынан Максим Ковель 19-минутта есеп ашса, 36-минутта «Қайрат» сапынан Жоржиньо таразы басын теңестірді.
Ал Ринат Серікқұл «Жетісуды» қайтадан алға шығарса, 51-минутта алматылық клубтан Егор Сорокин қорытынды есепті белгіледі.
Осылайша қос команда 2:2 есебімен қанағат білдірді.
Сондай-ақ бүгін «Атырау» өз алаңында жезқазғандық «Ұлытауға» 0:1 есебімен есе жіберсе, «Қызылжар» (Петропавл) мен «Ақтөбе» 0:0 есебімен тең түсті.
Дәл қазір «Тұран» (Түркістан) мен «Жеңіс» (Астана) ойнап жатыр.
Аталған турда ертең, 15 маусымда 18:00-де «Астана» мен «Оқжетпес» (Көкшетау), 20:00-де «Ордабасы» (Шымкент) мен «Елімай» (Семей), «Қайсар» (Қызылорда) мен «Тобыл» (Қостанай) ойнайды.
