13 сағат бұрын
ҚПЛ: «Жеңіс» биыл алғаш рет жеңіске жетті

Фото: Kffleague.kz
Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 12-турында елордалық «Жеңіс» алғашқы жеңісіне жетті, деп хабарлайды Sport12.kz.
Астаналық команда биыл он бір тур бойы үш ұпайға қол жеткізе алған жоқ. Есесіне жеті мәрте тең түсіп, төртеуінде қарсыласына есе жіберді. Сондықтан олар Түркістанда «Тұранмен» кездесуде жеңіске жетуге бар күшін салатыны белгілі еді.
Түркістандық клубтан қаржы мәселесіне байланысты бапкерлер құрамы мен шетелдік ойыншылар кетіп қалды. Сол себепті аталған команда бүгін негізінен жергілікті жастарға сенім артуға мәжбүр болды.
Кездесу барысында елордалық футболшылар басым ойнады. Десе де бірінші кезеңде есеп аша алған жоқ.
Екінші кезеңде алаң иелері екі қателікке бой алдырды. Оны «Жеңіс» командасы тиімді пайдаланып кетті. Бұл голдарды Ардақ Сәулет 74, Адилио 84-минутта өзінің еншісіне жазды.
Осылайша елордалық команда қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсті.
Сондай-ақ 14 маусымда «Жетісу» (Талдықорған) мен «Қайрат» (Алматы) 2:2,« Қызылжар» (Петропавл) мен «Ақтөбе» 0:0 есебіне қанағат білдірсе, «Атырау» өз алаңында жезқазғандық «Ұлытауға» 0:1 есебімен есе жіберді.
Аталған турда 15 маусымда 18:00-де «Астана» мен «Оқжетпес» (Көкшетау), 20:00-де «Ордабасы» (Шымкент) мен «Елімай» (Семей), «Қайсар» (Қызылорда) мен «Тобыл» (Қостанай) ойнайды.
