12 сағат бұрын
Клубтық әлем чемпионатының финалына Трамп келетін болды

АҚШ президенті Дональд Трамп футболдан клубтық әлем чемпионатының финалына қатысады, – деп хабарлайды Sport12.kz.
Бұл туралы Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) президенті Джанни Инфантино мәлімдеді. Оның сөзін журналист Бен Джейкобс әлеуметтік желідегі парақшасында келтірді.
«Ол футболды жақсы көреді. Трамптың алғашқы президенттік мерзімі кезінде Ақ үйдің бағында футбол қақпасы орнатылған болатын. Дональд Трамп – футболдан әлем чемпионатын қабылдайтын елдердің бірі – АҚШ-тың президенті және клубтық әлем чемпионатын өткізуді бірден қолдады», – деді Инфантино.
Финалда ағылшындық «Челси» мен француздық «ПСЖ» кездеседі. Шешуші матч 13 шілде күні өтеді, басталуы – астана уақытымен сағат 23:50-де.
Клубтық әлем чемпионаты – ФИФА аясында өтетін турнир. Онда алты континенттік конфедерацияның үздік командалары өзара бақ сынайды. Бұл турнир алғаш рет 2000 жылы қаңтарда Бразилияда ұйымдастырылды және кейінірек ФИФА тарапынан ресми түрде Межконтиненталдық кубоктың құқықтық мұрагері ретінде танылды. Еске сала кетейік, Межконтиненталдық кубок бұған дейін жыл сайын Жапонияның Иокогама қаласында УЕФА Чемпиондар лигасы жеңімпазы мен Кубок Либертадорес иегері арасында ойнатылған еді.
