10 сағат бұрын
«Жеңістің» жеңіліссіз сериясы бес матчқа жетті

Қазақстан Премьер-Лигасының 16-турындағы матч Павлодарда өтіп, онда елордалық «Жеңіс» Талдықорғанның «Жетісу» клубымен кездесіп, 3:1 есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды Sport12.kz
Алғашқы таймда астаналықтар толық басымдыққа ие болып, екі бірдей жауапсыз гол соқты. Алдымен 31-минутта Аслан Әділ есеп ашса, 41-минутта Дінмұхамед Қараман пенальтиден есепті еселей түсті.
Екінші таймның басында «Жеңіс» сапында Жиан Мартинс қызыл қағаз алып, командасын азшылықта қалдырды. Әйтсе де, алаң иелері сапынан 61-минутта Ардақ Саулет үшінші голды соқты. 68-минутта Жансұлтан Мұхаметханов алыстан әдемі соққымен есепті қысқартқанымен, талдықорғандықтардың одан арғысына шамасы жетпеді. Есеп: 3:1.
Осылайша, «Жеңіс» 20 ұпай жинап, турнирлік кестенің ортасына көтерілді. Ал «Жетісу» 13 ұпаймен төменгі орындарда қалып отыр.
«Жеңіс» — «Жетісу» 3:1 (2:0)
Голдар: Әділ, 31 минут (1:0), Қараман, 41 минут (2:0), Сәулет, 61 минут (3:0), Мұхаметханов, 68 минут (3:1)
Қызыл қағаз: Мартинс 53.
