13 сағат бұрын
Беларусьтік «Легия» шабуылшысы Ілия Шкурин «Ақтөбемен» қарымта матчқа саяси себептерге байланысты келмейді

Польшаның «Легия» клубының беларусьтік шабуылшысы Ілия Шкурин Еуропа лигасының іріктеу кезеңінің 1-турындағы «Ақтөбеге» қарсы қарымта матчқа (17 шілде күні Қазақстанда өтеді) саяси себептерге байланысты бармайтын болды. Бұл туралы журналист Кшиштоф Марчиняк әлеуметтік желіде (Х, бұрынғы Twitter) хабарлады.
Дереккөздің мәліметінше, футболшы өз елінің билігін ашық сынағаны үшін Беларусь билігі Қазақстан арнайы қызметімен бірлесіп оған қиындықтар тудыруы мүмкін деп қауіптенеді.
Айта кетейік, екі команда арасындағы алғашқы матч 10 шілде күні Варшавада өтті. Сол ойында «Легия» 1:0 есебімен жеңіске жетті.
