1 күн бұрын
Конференция лигасы: «Ақтөбе» 11 жылдан кейін өз алаңында жеңіске жетті

«Ақтөбе» мен Чехияның «Спарта» (Прага) клубтары Конференциялар лигасының екінші іріктеу кезеңінде алғашқы матчтарын өткізді, деп хабарлайды Sport12.kz
Қазақстандық команда өз алаңында 2:1 есебімен жеңіске жетіп, еурокубоктағы сенсациялардың біріне себепкер болды.
Ойынның алғашқы минуттарында-ақ Андрей Влад бірнеше қауіпті соққыны қайтарып, қақпасын голдан аман алып қалды. Ал 29-минутта Даниэль Соса айып алаңына берілген допты баспен дәл бағыттап, есеп ашты.
Екінші таймда екі команда да қауіпті шабуылдар ұйымдастырды. Лукаш Гараслин соққысымен қақпа маңдайшасын шайқалтып жіберсе, Оралхан Өміртаев 82-минутта қақпашымен бетпе-бет шығып, мүмкіндігін мүлт жібермеді.
Алайда матч соңында, 90-минутта Велко Бирманчевич пенальтиден гол соғып, айырмашылықты қысқартты. Есеп: 2:1.
Бұған дейін ақтөбеліктер 2014 жылдан бері еурокубок аясындағы өз үйіндегі матчтарда жеңіске жете алмай келген еді.
Жауапты ойын 31 шілде күні Прагада өтеді.
«Ақтөбе» (Қазақстан) — «Спарта» (Чехия) — 2:1 (1:0)
Голдар: Соса 29 (1:0), Өміртаев 82 (2:0), Бирманчевич (пенальтиден) 90 (2:1)
