16 сағат бұрын
Қазақстандық клубтардың еурокубок ойындарында кімдер төреші болады

Фото: «Қайрат» футбол клубы
Қазақстандық клубтардың қатысуымен өтетін футболдан еурокубок ойындарында қай елдің төрешілері қызмет атқаратыны белгілі болды, деп хабарлайды Sport12.kz.
Алматылық «Қайрат» 29 шілдеде UEFA Чемпиондар лигасы екінші іріктеу кезеңінде өз алаңында Финляндияның КуПС командасын қабылдайды. Кездесу қазақстандық уақытпен 20:00-де басталады.
Бұл ойында болгариялық Радослав Гидженов бас төреші қызметін атқарса, оған отандастары Мирослав Максимов пен Петар Митрев көмектеседі. Қосалқы төреші де сол елдің өкілі Кристиян Колев.
Ал UEFA Конференция лигасы екінші іріктеу кезеңінде елордалық «Астана» сырт алаңда Молдованың «Зимбру» клубымен шеберлік байқасады. Ойын 31 шілдеде қазақстандық уақытпен 22:00-ге белгіленген.
Аталған кездесуге бельгиялық Брама ван Дриске бастаған төрешілер бригадасы тағайындалды. Оның көмекшілері - Михеле Сеелдрайерс пен Ив де Нев. Төртінші төреші міндеті сол елдің өкілі Кевин ван Даммға жүктелген.
Сондай-ақ 31 шілдеде қазақстандық уақытпен 23:00-де басталатын «Ақтөбе» клубының сырт алаңдағы Чехияның «Спарта» (Прага) кездесуінде италиялық Даниэле Киффи бас төреші болса, оған Джорджио Перетти мен Кристиан Росси көмектеседі. Төртінші төреші де сол елдің өкілі Даниэле Перензони.
Айта кетсек, «Қайрат» алғашқы кездесуінде КуПС командасына 0:2 есебімен есе жіберді.
Ал бірінші ойында «Астана» «Зимбрумен» 1:1 есебімен тең ойнаса, «Ақтөбе» «Спарта» (Прага) клубын 2:1 есебімен жеңді.
