1 күн бұрын
«Қайрат» Чемпиондар лигасы үшінші іріктеу кезеңінде қай командамен ойнайды?

Фото: «Қайрат» футбол клубы
Алматылық «Қайрат» UEFA Чемпиондар лигасы үшінші іріктеу кезеңінде қай командамен ойнайтыны белгілі болды, деп хабарлайды Sport12.kz.
Жарыстың аталған сатысында қазақстандық клуб Словакияның «Слован» командасымен шеберлік байқасады. Алғашқы ойын 5 тамызда Алматы қаласында өткізілсе, 12 тамызда Братислава қаласында болады.
Айта кетсек, алматылық футболшылар бірінші және екінші іріктеу кезеңінде Словенияның «Олимпия» (1:1, 2:0), Финляндияның КуПС клубтарын (0:2, 3:0) қапы қалдырып кетті.
Ал словакиялық клуб екінші іріктеу кезеңінде Босния және Герцоговинаның «Зриньски» командасын (4:0, 2:2) жеңді.
«Слован» командасы 1919 жылы құрылған. Өз елінде 15 мәрте чемпиондық тұғырға көтерілді. Сондай-ақ 5 мәрте күміс, 6 мәрте қола жүлдегер атанды. Оған қоса 10 мәрте Словакия кубогын төбесіне көтерді.
Словакиялық клубтың бас бапкері Владимир Вайсс 2013-2015 жылдарда «Қайраттың» тізгінін ұстаған еді.
Қазіргі құрамында 2019-2021 жылдарда қазақстандық «Қайсар», «Астана» клубтарының намысын қорғаған армениялық футболшы Тигран Барсегян ойын көрсетеді.
Сондай-ақ еліміздің атынан 31 шілдеде «Астана» мен «Ақтөбе» Конференция лигасы екінші іріктеу кезеңіндегі қарымта ойындарын өткізеді.
