1 күн бұрын
Футболдан әйелдер лигасында БИІК қайтадан бірінші орынға көтерілді

Фото: ҚФФ
Бүгін футболдан еліміздің әйелдер лигасында ХVII туры мәресіне жетті, деп хабарлайды Sport12.kz.
Бұл турдағы соңғы ойында шымкенттік БИІК клубы сырт алаңда Семейдің «Елімай» командасымен шеберлік байқасты.
Елімізде шымкенттік клуб бірнеше жылдан бері ойын көрсетіп келеді. Тәжірибелі команда еурокубок ойындарында ел намысын қорғап келеді. Биыл да жоғары көрсеткішімен жанкүйер көңілінен шығып жүр.
Аталған кездесуде де олар сол қарқынынан тайған жоқ. Сырт алаңда ойнағанына қарамастан қарсылас қақпасына жеті гол соғып кетті. Оған семейлік футболшылар небәрі бір ғана голмен жауап қайырды.
Осылайша БИІК қарсыласынан 7:1 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде 49 ұпаймен қайтадан бірінші орынға көтерілді.
Сондай-ақ аталған турда «Ақтөбе» Жезқазғанның «Ұлытау» командасын 7:0, «Астана» Көкшетаудың «Оқжетпесін» 8:1, алматылық «Қайрат» Талдықорғанның «Жетісуын» 3:1, Петропавлдың «Қызылжары» Қостанайдың «Тобылын» 4:0, Түркістанның «Томирис-Тұраны» қызылордалық «Қайсарды» 5:2 есебімен жеңсе, «Атырау» елордалық «Жеңіске» 1:5 есебімен есе жіберді.
Енді алдағы тур ойындары 18 тамыз күні өткізіледі.
Федерация талабымен ерлер клубтарының жанынан биыл әйелдер құрамалары құрылған.
Өткен жылы чемпионатқа тек 4 өңірден 5 команда ғана тіркелген еді.
Әр команда сапында кемінде қазақстандық футбол мектебінің 13 түлегі болуға тиіс деген талап қойылып отыр. Оған 2009 жылы және одан ерте дүниеге келген футболшылар қатыса алады.
Біздің серіктес: 200 000 фрибетті ұтысқа саламыз – арнаға жазыл және батырманы бас
