8 сағат бұрын
Астанада әуесқой шахматшылардың «Senat Open» турнирінің финалдық кезеңі басталды

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев «Senat Open» – ҚР Парламенті Палатасының Ашық шахмат кубогының финалдық кезеңінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Sport12.kz
Спорттық жарыстар бүкіл ел бойынша 3 000-нан астам шахмат әуесқойларын біріктірді. Турнирдің финалдық кезеңіне еліміздің барлық өңірінен келген қатысушыларды құттықтаған Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша соңғы жылдары республикада шахматты дамытуға, ойынды кәсіби және әуесқой деңгейде үйренуге жағдай жасауға айрықша көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.
«Ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев шахматты насихаттауға ерекше мән береді. Мемлекет басшысы айқындаған міндеттер аясында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. 2027 жылға дейінгі Шахматты дамыту жөніндегі кешенді жоспар әзірленіп, қабылданды. Қазақстан Парламенті Сенаты мен Шахмат федерациясы бірлесіп ұйымдастырған бүгінгі турнир де осы бағыттағы маңызды қадам болып саналады. «Senat Open» республикалық турнирі екінші рет өткізіліп отыр. Жыл сайын ойынға қызығушылық айтарлықтай артып келеді. Мұндай жобалардың азаматтардың зияткерлік әлеуетін дамытуда және мемлекеттік басқару саласын қоса алғанда қажетті дағдыларды қалыптастыруда айрықша маңызы бар деп есептейміз», – деді Сенат Төрағасы өз сөзінде.
Айта кетейік, турнирдің алғашқы кезеңі Қазақстанның барлық облыстарында 21 ақпан мен 27 мамыр аралығында өткен 20 іріктеу турын қамтыды. Екінші кезеңде осы аймақтар бойынша бес жартылай финал өтті: 25 маусымда Түркістанда (Оңтүстік), 29 маусымда Семейде (Орталық), 4 шілдеде Көкшетауда (Солтүстік), 23 шілдеде Оралда (Батыс) және 9 тамызда Талдықорғанда (Шығыс). Финалға 215 қатысушы жолдама алды.
Сонымен қатар, Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турловтың пікірінше, турнир шахматшылардың кәсіби шеберлігін арттыруға да, тәжірибе алмасуға және қатысушылардың кәсіби байланыстарын нығайтуға да жақсы мүмкіндік болды.
«Біздің турнир ел аузында, ол тұрақты түрде дамып, өсіп келеді. Бұл – оның ұйымдастырылуына үлкен жауапкершілікпен қарайтын Парламент Сенаты мен Шахмат федерациясы командасының еңбегі. Сондай-ақ облыстардан келген барлық қатысушылардың да үлесі зор. Мен үшін бұл турнирдің орны бөлек. Оның өзіндік стилі, жаны бар және ең бастысы – айқын әлеуметтік миссиясы бар. Ол кәсіби байланысты және жеке достықты нығайту алаңына айналды. Ол халқымызға жақын табандылық, адал күрес, көшбасшылыққа ұмтылу және үлкендерді құрметтеу сияқты құндылықтар өмір сүретін платформаға айналды», – деді Тимур Турлов.
Аталған ойынды насихаттау аясында биыл мектеп бағдарламасына «Шахмат негіздері» пәні енгізілгенін де айта кеткен жөн. Ол 60 мыңнан астам оқушыны қамтып, жаңа мәдениетті, аналитикалық дағдыларды қалыптастыруға және жан-жақты дамуға ықпал етуде.
Біздің серіктес: 200 000 фрибетті ұтысқа саламыз – арнаға жазыл және батырманы бас
