4 сағат бұрын
Солтүстік Македонияның 300-ші матчы: мерейтойға тосқауыл бола аламыз ба?

Бүгін 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Қазақстан ұлттық құрамасы сырт алаңда Солтүстік Македониямен күш сынасады, деп хабарлайды Sport12.kz
Қарсылас жайлы не білеміз?
Осы әлемдік циклде Балқан түбегінде орналасқан мемлекеттердің көпшілігі өз тарихтарында алғаш рет жаһандық додаға шығуға жақын тұр. Бұл тізімге Албания, Косово және Солтүстік Македония кіреді.
Transfermarkt сайтында Солтүстік Македонияның ойыншылары 36 млн еуроға бағаланады. Әлемдік рейтингте 63-орынға жайғасқан. Құрамасындағы ең қымбат футболшысы Элжиф Елмас (14 млн еуро, «Наполи») саналады. Қарсылас сапында жұлдызды футболшылар болмаса да, олар топта 1-орында тұр. Оның үстіне команда 12 ресми матчта (8 жеңіс, 4 тең) әлі жеңілістің дәмін татпай келеді. Өз алаңындағы көрсеткіштері де жаман емес. Алаң иелері соңғы рет 2023 жылы Украинадан есе жіберген. Одан бергі 10 ойында тек 6 гол ғана өткізіп алды. Міне осы жайттардың барлығын ескере келе, алаң иелері фаворит екендігі сөзсіз.
Неше рет кездестік?
Құрамалар өз тарихында 2 мәрте жолыққан. 2021 жылы Скопьеде өткен жолдастық ойында дәл осы Талғат Байсуфинов баптаған жігіттеріміз жолдастық кездесуде Солтүстік Македонияға 0:4 есебімен есе жіберген. Одан кейін баршамызға белгілі 9 маусымда «Astana Arena» стадионында 0:1 есебімен жеңілдік. Дәл осы 2 ойын бойынша Солтүстік Македонияның жергілікті сайттары да назар аударып, үшінші теке-тіресте де қақпаларына гол жібермей, жеңіске жеткілері келетіндігін жасырмады.
Командалар қандай формада?
Қазақстан құрамасы өз тобында тіпті 3-орын алуға мүмкіндіктерін жоғалтты. Жігіттерімізде ешқандай психологиялық қысым болмауы тиіс. Алайда осы ойында Дастан Сәтпаев, Рамазан Оразов, Максим Самородов сынды көшбасшыларымыз көмектесе алмайды.
Солтүстік Македония Бельгияға қарсы ауыр ойыннан кейін Қазақстанды қабылдайды. Физикалық жағынан шаршау болса да, алаң иелері тек жеңіске жетуді ғана көздейді. Тең есептің өзі оларды әлем чемпионатының плей-оффына өтуіне мүмкіндік бермейді. Қазіргі сәтте құрамаға тек қорғаушы Висар Муслуи ғана жарақатына байланысты алаңға шыға алмайтындығы белгілі болды.
Солтүстік Македония өз тарихындағы 300-ші матчын (97 жеңіс, 76 тең, 126 жеңіліс) өткізбек. Олар бірінші ресми ойынын 1993 жылы 13 қазанда Словенияға қарсы өткізіп, 4:1 есебімен басым түскен. Енді осы тарихи датада қайта жеңіске жетуге тырысатындықтары анық.
Алаң иелері қандай жағдай жасады?
Солтүстік Македонияның футбол федерациясы 36 400 жанкүйер сиятын «Тоше Проески» стадионын лық толтыру үшін, кішігірім жағдай да жасады. Бастауыш және футбол мектебінің оқушылары матчты тегін тамашалай алса, жергілікті халық ең қымбат билетті 4000 теңгеге (400 денар) ғана сатып ала алады.
Айта кетейік, матч бүгін түнгі 23:45-те басталады және ойынды Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көре аласыздар.
Біздің серіктес: 200 000 фрибетті ұтысқа саламыз – арнаға жазыл және батырманы бас
