4 сағат бұрын
Мұхаммеджан Сейсен: «Лазермен бетіме жарық түсірді, көру қиын болды»

Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде сырт алаңда Солтүстік Македониямен 1:1 есебімен тең түсті. Кездесуден кейін ұлттық құраманың және «Астана» клубының қақпашысы Мұхаммеджан Сейсен өз әсерімен бөлісті.
– «Есеп 1:1, шынымды айтсам, бұл нәтижеге көңіліміз толмайды. 1:0 есебімен алда келе жатып, соңғы 10–15 минутта гол өткізіп алдық. Жеңіске жетуге болатын еді», – деді Сейсен.
Қақпашы жаңа бапкердің жұмысына да тоқталды:
– «Жаңа бас бапкер келіп, біздің ойынды толық өзгертті. Ол он күннің ішінде көп нәрсені түсіндіріп үлгерді. Соңғы екі ойында соны көрсеттік. Жалпы ойын жаман болған жоқ, бәріміз жақсы ойнадық», – деді ол.
Сейсен соңғы минуттардағы гол туралы да пікір білдірді:
– «Соққы өте қатты болды. Доп әуелі жоғары ұшты, кейін бағытын өзгертіп, бағананың үстінен қақпаға кіріп кетті. Барынша созылдым, бірақ жете алмадым», – деді қақпашы.
Сонымен қатар, ол жанкүйерлер тарапынан болған кедергіні де атап өтті:
– «Бетіме лазермен жарық түсірді, бұл қатты кедергі жасады. Үш жақтан екі-үш рет көзіме тиді. Бұрыштан доп көтерілген сәтте мүлде көрмей қалдым, сондықтан қақпадан шыға алмадым», – деді Сейсен.
Соған қарамастан, Қазақстан құрамасы сырт алаңда мықты қарсыласына қарсы лайықты ойын көрсетті. Сейсен бірнеше қауіпті сәтте команданы құтқарып қалды, бірақ 74-минутта алаң иелері стандарттан кейін есепті теңестірді.
Біздің серіктес: 200 000 фрибетті ұтысқа саламыз – арнаға жазыл және батырманы бас
