5 сағат бұрын
Еуропа енді Қазақстанды біледі

Братиславаның «Слован» клубының қорғаушысы Юрий Медведев ASnews.kz-ке берген сұхбатында қазақстандық футболдың дамуы және «Қайраттың» тарихи табысы туралы пікір білдірді.
«Қазақстан футболы расымен өрлеп келеді. Мұның айқын дәлелі – „Қайраттың“ Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шығуы. Енді Еуропа Қазақстанды таныды, бұл – үлкен жетістік. Біз іріктеу кезінде „Қайратқа“ қарсы ойнадық, олар өте тәртіпті әрі намыспен ойнады. Тарих жазуға ұмтылды, сол үшін жарайсыңдар», – деді Медведев.
Еске сала кетейік, «Қайрат» УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққан екінші қазақстандық клуб атанды. Алматылықтар іріктеуде Словенияның «Олимпиясын», Финляндияның КуПС-ын, Словакияның «Слованын» және Шотландияның «Селтигін» жеңді.
Топтық кезеңде олар алғашқы екі ойында «Спортингке» (1:4) және «Реалға» (0:5) жол берді. Дегенмен, мұндай деңгейге шығу — қазақ футболы үшін үлкен жетістік саналады.
Юрий Медведев — Қазақстанда туған, алайда бала кезінде ата-анасымен Чехияға қоныс аударған. «Виктория» (Пльзень) академиясының түлегі, Чехия жастар құрамасында (U-19) екі матч өткізген. 2018 жылдан бері «Слован» сапында ойнап, Словакия чемпионы атанып жүр.
Біздің серіктес: 200 000 фрибетті ұтысқа саламыз – арнаға жазыл және батырманы бас
