13 сағат бұрын
«Астана» жанкүйерлері шетелдік төрешілердің шақырылуына байланысты Спорт министріне хат жолдады

Футбол клубы «Астана» жанкүйерлері Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың атына ресми хат жолдады. Хаттың көшірмесі Президент Әкімшілігіне де жіберілген.
Жанкүйерлер Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) ел чемпионаты матчтарына Португалия, Швейцария, Қырғызстан және өзге елдерден төрешілерді шақыру туралы шешіміне алаңдаушылық білдірген.
«Біздің ойымызша, мұндай тәжірибе отандық төрешілердің дамуына кедергі келтіріп қана қоймай, жалпы қазақстандық футболдың беделіне нұқсан келтіреді», — делінген хатта.
Фанаттардың пікірінше, шетелдік арбитрлердің жиі шақырылуы ұлттық чемпионатқа деген сенімді әлсіретіп, жергілікті төрешілердің кәсіби өсуіне мүмкіндік бермейді.
«Егер Федерация ішкі біріншіліктерге шетелдік төрешілерді шақыруға мәжбүр болса, бұл — өз мамандарына деген сенімсіздік пен олардың біліктілігіне күмән келтірудің айқын көрінісі. Мұндай шешім қазақстандық төрешілердің еңбегін менсінбеу болып табылады», — деп атап өткен жанкүйерлер.
Олардың айтуынша, жергілікті арбитрлер шетелдік әріптестеріне қарағанда әлдеқайда үлкен жауапкершілік арқалайды.
«Қазақстандық төрешілердің шешімдері үшін жауапкершілігі жоғары — олар ертең сол ойыншылар мен жанкүйерлердің көзіне қарайды. Ал шетелдік төрешілер ойынды өткізеді де, кетіп қалады — еш жауапкершілік жоқ», — делінген хатта.
Жанкүйерлер Португалия мен Қырғызстаннан шақырылған арбитрлердің қатысуымен болған даулы сәттерді мысалға келтіріп, «Қайрат» пен «Астана» арасындағы алдағы матчқа Италиядан төрешілер шақырудың да негізділігіне күмән келтірген.
«Ертең италиялық төрешілердің қатесі чемпионат нәтижесіне әсер етсе, олар қандай жауапкершілік арқалайды?» — деп сауал тастаған фанаттар.
Жанкүйерлер Спорт министрлігінен ҚФФ шешімдерін тексеріп, шетелдік төрешілердің тағайындалуына ресми баға беруді және отандық төрешілер институтын дамытуға бағытталған нақты стратегия қабылдауды сұраған.
«Біз футболды сүйеміз. Біз ‘Астанаға’, ұлттық құрамамызға және қазақстандық спортқа жанкүйерміз. Бірақ ‘бейтараптық’ пен ‘объективтілік’ деген желеумен қабылданған шешімдер еліміздегі футболдың абыройына көлеңке түсіріп жатқанда, бейжай отыра алмаймыз», — деп түйіндеген жанкүйерлер.
Біздің серіктес: 200 000 фрибетті ұтысқа саламыз – арнаға жазыл және батырманы бас
