15.12.2025
«Шахтёрдің» жаңа иесі шетелдік бапкерлерден бас тартты
Қарағандылық «Шахтёр» футбол клубының иесі Тимур Турлов команданың кадрлық саясаты туралы айтып, не себепті қазақстандық мамандарға басымдық беріліп отырғанын түсіндірді.
— Шынымды айтсам, біз шетелдік мамандарды шақырудың қажеттілігін көріп тұрған жоқпыз. Қазақстанда білікті кадрлар жетіспейді деген пікірмен де келіспеймін. Егер дұрыс еңбек жағдайын жасап, лайықты жалақы ұсынсаң, футболмен өмір сүріп, дамуға дайын талантты адамдардың елімізде жеткілікті екені анықталады. Біз адал бәсекелестік, кәсіби өсу мүмкіндігі мен халықаралық жобаларға қатысуға жол ашамыз — бұл өз кезегінде мықты мамандарды тартады, — деді Турлов.
Айта кетейік, қарағандылық клубтың бас бапкері қызметіне тәжірибелі маман Дмитрий Огай тағайындалды. «Шахтёр» — Қазақстанның екі дүркін чемпионы әрі еурокубоктардың негізгі кезеңінде ойнаған алғашқы отандық клуб. Алайда соңғы маусымдарда команда ұзаққа созылған дағдарысты бастан өткеріп келеді.
Біздің серіктес: Бізге тіркел!