5 күн бұрын
Криштиану Роналду «Әл-Насрдан» кетуі мүмкін
«Әл-Наср» клубының португалиялық шабуылшысы Криштиану Роналду Сауд Арабиясынан кету мүмкіндігін қарастырып отыр. Бұған футболшының клубтағы жағдайға көңілі толмауы себеп. Бұл туралы Record басылымы хабарлайды.
Дереккөздің мәліметінше, Роналдудың келісімшартындағы өтемақы сомасы 50 миллион еуроны құрайды. Қазіргі таңда оның мансабын жалғастыруы мүмкін бағыттар ретінде АҚШ-тың MLS лигасы мен Еуропа клубтары қарастырылып жатыр.
2023 жылы Сауд Арабиясының Суверенді қоры (PIF) елдегі төрт ірі клуб — «Әл-Наср», «Әл-Хилал», «Әл-Иттихад» және «Әл-Ахлидің» бақылау пакетін сатып алған болатын. Алайда Криштиану Роналду PIF-тің «Әл-Насрға» қатысты ұстанымына көңілі толмайтынын жасырмады. Оның пікірінше, қор басқа клубтарға қарағанда «Әл-Насрға» трансферлік нарықта жеткілікті қолдау көрсетпей отыр.
Роналду PIF командасының чемпион болуына жол бермеу үшін жаңа футболшыларды сатып алуға шектеу қойып отыр деп есептейді. Соған қарамастан, «Әл-Наср» турнир кестесінде «Әл-Хилалдан» бар-жоғы бір ұпай ғана қалып, чемпиондық үшін күресті жалғастырып келеді.
Португалиялық жұлдыз Сауд футболының дамуына зор үлес қосқанын және лиганың әлемдік деңгейде танылуына ықпал еткенін алға тартып, өзіне деген құрметтің жеткіліксіз екенін сезінеді. Айта кетейік, Роналду 2034 жылы Сауд Арабиясында өтетін әлем чемпионатының елшісі болуға келісім берген.
Осы жағдайларға байланысты Криштиану Роналду Про-лиганың 20-туры аясында «Ар-Риядқа» қарсы өткен матчта (1:0) алаңға шығудан бас тартқаны хабарланды. Дегенмен, футболшының басты мақсаты — Сауд Арабиясындағы алғашқы чемпиондық атағын жеңіп алу және мансабындағы 1000 гол межесіне жету болып қала бермек.
Біздің серіктес: Бізге тіркел!