7 сағат бұрын
«Қайсар» ресейлік клубтан жеңіліп қалды
Фото: «Қайсар» футбол клубы
Қызылордалық «Қайсар» Түркияда өтіп жатқан оқу-жаттығу жиыны барысында Ресейдің «Балтика» командасымен жолдастық кездесу өткізді, деп хабарлайды Sport12.kz.
Кездесу барысында қызылордалық клуб қарсыласына 1:2 есебімен жол берді. Олардың қатарынан Мүсілім Жұмат мергендік танытты.
Мүсілім Жұмат қызылордалық клуб сапына биыл қосылды. Қазақстан жастар құрамасының футболшысы өткен маусымда "Тараз" сапында өнер көрсетіп, 26 ойында 6 гол соқты.
Биыл команда алдында жүлделі орындардың біріне ілігу және Қазақстан кубогына қол созу міндеті тұр. Сондықтан олар алдымен бас бапкерді ауыстырды. Бұл қызметке қазақстандық маман Андрей Ферапонтов келді.
Команда құрамына биыл нигериялық танымал футболшы Виктор Мозес қосылды.
Команда басшылығы өткен жылғы құрамнан қақпашы Нұрымжан Салайдин, қорғаушы Темірлан Мұрзағалиев пен Әділет Кеңесбек, жартылай қорғаушы Айбол Әбікен мен Думан Нәрзілдаев, шабуылшы Нұрдәулет Ағзамбаевпен келісімшарт мерзімін ұзартты.
Сондай-ақ команда құрамына шетелден жаңадан қақпашы Адам Ковач (Словакия), қорғаушы Никола Цуцкич (Сербия), шабуылшы Томас Джонс (Чили) келді.
Оған қоса қазақстандық қорғаушы Нияз Ыдырысов, жартылай қорғаушы Сағи Совет, шабуылшы Алияр Мұхамед, алдағы маусымда қызылордалық клуб сапында ойын көрсетеді.
Біздің серіктес: «Ойна, болжа, қатыс!»