7 сағат бұрын
«Шахтёр» футбол клубы балалармен кездесті
Фото:Қарағанды облысының әкімдігі
Қарағанды қаласындағы №6 жалпы білім беретін мектепте «Шахтёр» футбол клубының өкілдерімен кездесу өтті, деп хабарлайды Sport12.kz.
Іс-шара клубтың жастарды қолдау және бұқаралық спортты дамыту бағытындағы жүйелі жұмысының бір бөлігіне айналды.
Оқушылар және ұстаздармен кездесуге клуб өкілдері және Freedom QJ League жасөспірімдер лигасының өткен маусымындағы жарқын ойыншылардың бірі Глеб Макридов келді. Қонақтар жаттығу үдерісі, жас футболшыларға қойылатын талаптар және кәсіби спортта табысқа жетуге көмектесетін қасиеттер туралы әңгімеледі.
Оқушылар спорттағы тәртіп, бәсекелестік, күн тәртібі мен мотивация жайында өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауап алды. Кездесу жасөспірімдерге спорттық жетістіктердің арғы жағында қандай еңбек пен жауапкершілік тұрғанын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
Қонақтар мектепке футбол және волейбол доптарын табыстады. Аталған білім ордасында «Шахтёр» академиясының тәрбиеленушілері білім алатындықтан, мектепті қолдау клуб үшін ерекше мәнге ие. Жұмыс тек жаттығу алаңдарында ғана жүргізіліп қоймай, балалардың білім алып, дене шынықтырумен айналысатын жағдайларына да көңіл бөлінеді.
— Біздің клуб үшін әлеуметтік жауапкершілік — жай ғана ұран емес, күнделікті қызметіміздің ажырамас бөлігі. Мектеп қабырғасында баланың мінезі қалыптасады, тәртібі шыңдалады, алғашқы армандары пайда болады. Осындай кездесулер балаларды шабыттандырып, өз күшіне сенуге мүмкіндік береді. Қоғаммен бірлесіп жүзеге асырылатын бастамаларға әрдайым ашықпыз, — деп атап өтті «Шахтёр» ФК медиадиректоры Бекежан Ардақұлы.
Клуб мұндай көшпелі кездесулерді алдағы уақытта да жалғастыруды жоспарлап отыр. Бұл бастама жасөспірімдер арасында бұқаралық спортты кеңінен насихаттаудың және кәсіби бағдар берудің маңызды құралы ретінде қарастырылады.
Біздің серіктес: «Ойна, болжа, қатыс!»