9 сағат бұрын
Темірлан Анарбеков жаңа маусымда қай нөмірді таңдады?
Фото: «Қайрат» футбол клубы
Алматылық «Қайрат» командасының қақпашысы Темірлан Анарбеков жаңа маусымда №1 жейдемен ойын көрсетеді, деп хабарлайды Sport12.kz.
Бұл жаңалық алматылық клубтың жаңа формасын таныстыру рәсімінде белгілі болды.
Қазақстандық қақпашы былтыр №72 жейдемен ойнаған еді. Енді ол жаңа нөмірге ауысатын болды.
Темірлан Атырауда 2003 жылы 14 қарашада дүниеге келіп, алғашқы футбол қадамын туған клубында жасады. 2017 жылғы қарашадан бастап ол «Қайрат» Академиясының тәрбиеленушісі атанды.
2020 жылы, небәрі 17 жасында, Анарбеков Премьер-лигадағы алғашқы ойынын «Таразға» қарсы өткізді (0:1).
2022 жылы ол Бірінші лигада ойнайтын «Қайрат-Жастар» командасының капитаны болды. Ал 2024 жылғы маусымда астаналық «Жеңісте» жалға ойнап, командамен бірге Лига кубогының финалына дейін жетті.
Өткен жаз мезгілі қазақстандық жанкүйерлер үшін ерекше есте қалды. УЕФА Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі «Селтикке» қарсы матчта (0:0) ол пенальти сериясында үш соққыны қайтарып, «Қайратты» алғаш рет Еуропаның элиталық кезеңіне алып шықты.
Айта кетсек, Темірлан Анарбеков - еліміздің атынан Чемпиондар лигасының үздік ойыншысына берілетін MVP атағын жеңіп алған алғашқы футболшы.
Біздің серіктес: «Ойна, болжа, қатыс!»