5 сағат бұрын
«Арыс» командасына жергілікті әкімдік қолдау білдірді
Фото: Арыс қаласының әкімдігі
Арыс қаласында толықтай жеке кәсіпкердің және демеушілердің қаражаты есебінен жаңа кәсіби футбол клубы құрылд, деп хабарлайды Sport12.kz.
Қала әкімі Қайсар Маңқараев жаңадан құрылған «Арыс КФК» (Кәсіби футбол клубы) ЖШС-нің құрылтайшысы, кәсіпкер Арман Пірмановпен кездесіп, клубтың алдағы жоспарларын талқылады.

Қала басшысы кәсіби спортқа жеке инвестиция тартудың стратегиялық маңызына тоқталды:
«Мемлекет басшысы кәсіби футбол клубтарын мемлекеттік бюджетке тәуелділіктен арылтып, жекешелендіру бағытын ұстануды тапсырған болатын. Арыста жеке инвестордың қолдауымен дербес клубтың құрылуы — осы тапсырманың нақты орындалуы. Бұл қадам бюджет қаржысын оңтайландыруға және үнемделген қаражатты бұқаралық спорт пен балалар футболын дамытуға бағыттауға мүмкіндік береді. Біз кәсіби менеджменттің келуін қолдаймыз», — деді қала әкімі.
Клуб құрылтайшысының айтуынша, команданың материалдық-техникалық базасын нығайту, футболшылардың еңбекақысы, оқу-жаттығу жиындары мен іссапар шығындарын қоса алғанда, барлық қаржылық міндеттемелер толықтай жеке кәсіпкер мен демеушілер есебінен қамтамасыз етіледі. Клубтың бас демеушісі - «Manta motors» компаниясы.
«Арыс КФК» футбол клубы биылғы маусымда Қазақстан Қазақстан Республикасы футбол федерациясының I лигасында өнер көрсетеді. Команда жалпы саны 22 ойын өткізіп, оның 11 кездесуін Арыс қаласындағы Орталық стадионда өткізеді, ал қалған 11 ойын сырт алаңдарда жоспарланған.
Айта кетейік, 2025 жылғы футбол маусымы аяқталғаннан кейін, «Арыс» футбол клубы ресми түрде жабылып, таратылған болатын. Ал, жаңадан құрылған «Арыс КФК» ЖШС — бұрынғы ұйыммен құқықтық байланысы жоқ, толықтай жеке кәсіпкердің қаражатымен жұмыс істейтін дербес кәсіби клуб болып табылады.
Біздің серіктес: «Ойна, болжа, қатыс!»