3 сағат бұрын
Роналду қайда? «Әл-Наср» ресми мәлімдеме жасады
Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуы және жеке ұшағының Мадридке ұшқаны туралы ақпараттар аясында «Аль-Наср» клубы Криштиану Роналду жайлы тараған алыпқашпа сөздерге жедел жауап берді.
Саудиялық клуб ресми әлеуметтік желідегі парақшасында 41 жастағы португалиялық футболшының жаттығу барысындағы жаңа фотоларын жариялады. Кадрларда Роналду командадағы әріптестерімен бірге жаттығу жасап жатқанын көруге болады.
Бұған дейін бірқатар БАҚ-та Роналдудың жеке ұшағы Эр-Риядтан Мадридке түнгі уақытта ұшып кеткені туралы ақпарат тараған еді. Ұшу трекерлерінің мәліметінше, лайнер жергілікті уақытпен шамамен 20:00-де әуеге көтеріліп, Испания астанасына 01:00 шамасында қонған.
Ұшу уақыты Эр-Риядтағы АҚШ елшілігіне жасалған дрон шабуылымен тұспа-тұс келгені хабарланды. Бұл оқиға аймақтағы шетел азаматтары арасында алаңдаушылық туғызып, кейбірінің елден уақытша кетуіне себеп болған.
Бірқатар шетелдік басылымдар ұшақ бортында Роналду, оның серігі Джорджина Родригес және балалары болуы мүмкін деген болжам жасаған.
Алайда клуб өкілдері мен сенімді дереккөздер бұл ақпаратты жоққа шығарды. Журналистердің мәліметінше, Криштиану «Аль-Наср» сапында қалып, жақында алған жарақатынан кейін қалпына келу процесінен өтіп жатыр.
Айта кетейік, Роналду сан бұлшықетінің артқы бөлігінен жарақат алып, оны «Аль-Файха» командасына қарсы матчта алған болатын.
Осылайша, Роналдудың Сауд Арабиясынан кеткені туралы ақпарат шындыққа жанаспайды.
Біздің серіктес: «Ойна, болжа, қатыс!»
Диана Юлдашева