5 сағат бұрын
«Ордабасы» жолдастық ойындағы төбелеске қатысты түсініктеме берді
Фото: «Ордабасы» футбол клубы
«Ордабасы» футбол клубы Шымкент қаласында өткен «Ордабасы» мен «Ақтөбе» клубтарының жасөспірімдер командалары арасындағы жолдастық матч кезінде болған жағдайға байланысты ресми мәлімдеме ұсынды, деп хабарлайды Sport12.kz.
Бұл жөнінде команданың баспасөз қызметі мәлім етті.
- Кездесу барысында ойыншылар арасында жанжал туындап, ол жаппай төбелеске ұласты. Мұндай жағдайларға жол беруге болмайды және олар футболдың негізгі құндылықтарына қайшы. «Ордабасы» клубы футбол алаңындағы кез келген агрессия мен зорлық-зомбылыққа қарсы. Әсіресе мұндай әрекеттердің балалар мен жасөспірімдер футболында орын алуы мүлде қабылданбайды. Бұл деңгейде қарсыласқа құрмет, спорттық мәдениет және жас футболшыларды дұрыс тәрбиелеу басты ұстаным болуы тиіс, - деп жазылған хабарламада.
Осы оқиға барысында ойыншылар арасында жанжал туындап, жағдай ушығып кетті. Сонымен қатар эпизод кезінде қатысушылар тарапынан өзара арандату әрекеттері болғаны байқалды.
- «Ордабасы» ФК тиісті құқық қорғау органдары бұл жағдайға байланысты жан-жақты әрі әділ тексеру жүргізіп, оның қорытындысы бойынша оқиғаға қатысқан барлық тарапқа тиісті тәртіптік баға береді деп сенеді.
«Ордабасы» футбол клубы әрдайым адал бәсеке қағидаттарын және Fair Play құндылықтарын ұстанады. Агрессия мен зорлық-зомбылық көріністері спорттық әдепке де, адамгершілік қағидаттарға да сай келмейді.
Клуб мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін ойыншылармен және жаттықтырушылар құрамымен тиісті жұмыс жүргізеді, - деп толықтырды баспасөз қызметі.
Біздің серіктес: «Ойна, болжа, қатыс!»