6 сағат бұрын
Футболдан Қазақстан жастар құрамасы Түркістанда Словакия мен Ирландиямен ойнайды
Фото: ҚФФ
Футболдан Қазақстан жастар құрамасы 2027 жылғы жастар арасындағы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіндегі Түркістанда өткізілетін екі ойыны қашан басталатыны белгілі болды, деп хабарлайды Sport12.kz.
Құрлықтық додадағы алдағы Словакия мен Ирландияға қарсы екі ойынды «Түркістан Арена» қабылдайды.
Алғашқы кездесуде отандастарымыз 27 наурызда Қазақстан уақытымен 20:00-де Словакияны қабылдаса, 31 наурызда дәл сол уақытта Ирландиямен жасыл алаңға шығады.
Қазақстандық футболшылар D тобында сынға түсіп жатыр. Қарсыластары - Англия, Словакия, Ирландия, Андорра, Молдова.
Қазірге дейін олар бес кездесуде бір мәрте жеңіске жетіп, бір мәрте тең ойнаса, қалғанында қарсыластарына есе жіберді. Алдымен Андорраны 1:0 есебімен жеңсе, одан кейін Англияға 0:2, Андорраға 0:1, Словакияға 1:2 есебімен есе жіберсе, Молдовамен 1:1 есебімен тең түсті.
Іріктеу кезеңі 2025 жылдың 5 маусымы мен 2026 жылдың 6 қарашасы аралығында болады.
Айта кетсек, бұдан бұрын қазақстандық бапкер Владимир Чебурин жастар құрамасының тізгінін ұстады.
Бұған дейін Владимир Чебурин «Шахтер», «Оқжетпес» клубтарында, сондай-ақ Литваның «Круоя», «Судува» және «Жальгирис» командаларында жұмыс істеген.
«Судува» мен «Жальгирис» клубтарымен бірге алты мәрте ел чемпионы атанып, үш рет Литва Кубогын және екі рет Суперкубогын жеңіп алған. Сонымен қатар Литвада үш мәрте жылдың үздік бапкері деп танылған.
Біздің серіктес: «Ойна, болжа, қатыс!»